Вторник, 17 сентября, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Қонаевта қала күні қалай тойланды?

8 маусымда Қонаев қаласы өзінің екі жылдық мерейтойын атап өтті. Алматы облысының орталығы ретінде жаңа мәртебеге ие болғанына екі жыл толуына орай, қалада бірқатар маңызды шаралар өткізілді. Бұл күннің басты оқиғаларының бірі ретінде қаланың жаңа символы саналатын әскери-техника музейінің ашылуы болды. Музейдің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, Халықаралық Д.А.Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Жанботаев Дәулетбек, сондай-ақ Қарулы күштер ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шарада алғашқы болып құттықтау сөзін алған Нұрлан Ерғалиұлы барша жиналған қауымды құттықтай отырып, бұл әскери музейдің маңыздылығын ерекше атап өтті: «Әскери музей – ұлт руханияты мен Қазақстан әскери айбынының көрінісі. Қонаев қаласында көптеген әскери бөлімдер орналасқан. Олар мемлекетіміздің қорғаныс жүйесінде ерекше орынға ие. Сондықтан облыс орталығында отандық қорғаныс саласы тарихының бір кезеңін қамтитын осындай музейдің пайда болуы заңды құбылыс. Ол әскерімізде қолданыста болған техникамен танысуға мүмкіндік беріп, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтуға үлес қосары анық. Бұл музейде 23 әскери техника орналасқан. Олардың қатарында танк, БТР сынды арнайы техника және артиллериялық қондырғылар бар. Осы жобаның жүзеге асуына қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне және өз кезінде музей ғимаратын өз қаражатына салып, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен Қонаев қаласының беделді кәсіпкері, руханият жанашыры Мұратбек Амантайұлына алғысымды білдіремін. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, озық біліммен қаруланған, өз елінің патриоттарын осындай игі шаралармен қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Аталған музей облыс жұртшылығы мен қала қонақтарының игілігіне қызмет ететініне сенемін. Абыроймен атқарар істеріміз көп болсын!» – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, «Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, запастағы аға прапорщик Сәрсенбаев Серік өз кезегінде аталмыш іс-шараға жиналған жұртты құттықтады: «Қайырлы күн! Құрметті Алматы облысының әкімдігі, Қонаев қаласының басшылығы, ардагерлер мен қала тұрғындары! Бүгін қаламыздың тарихында ерекше орын алатын күн. Біз бүгін әскери техника мұражайының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл оқиға кездейсоқ емес. Біз, Отан қорғаушыларының балалары мен немерелері, осы әскери техника үлгілерінде қызмет еткен аталарымыздың рухын құрметтейміз. Бұл мұражайдың ашылу бастамасы десанттық-штурмдық әскерлердің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жеңішұлы Жұмақаевқа тиесілі, және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің үлкен қолдауымен жүзеге асырылды. Мұражай – қарулы күштердің тарихын бейнелейтін маңызды орын. Мұнда шынайы әскери техника үлгілері қойылған. Қуаныштысы, мұражайға тек біздің қаламыздың тұрғындары ғана емес, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар да келіп көре алады. Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылардың төрағасы ретінде, осы мұражайдағы өнер мен сабақтардың жастарды патриоттық тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынына сенімдімін. Гарнизон бастығы, гвардия полковнигі Бейбіт Бүркітбайұлы Аманқалиевке ерекше алғыс білдіремін. Мұражайдың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге құрметті азамат Мұратбек Амантайұлы Сергебаевтың қолдауы мен көмегі зор үлес қосты. Мұратбек Амантайұлы мен оның командасының еңбегі арқасында біздің қаламызда осындай бірегей мұражай пайда болды. Бұл үшін оларға үлкен алғыс білдіремін», – деді ол.

Халықаралық Д.А.Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Жанботаев Дәулетбек пен Тұлпар ретро салонының директоры, Қонаев қаласының құрметті азаматы Сергебаев Мұратбек те ізгі лебіздерін білдіріп, ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі. Сергебаев Мұратбек сый-сияпатын табыстап, осы ашылған әскери музей Қонаев қаласының көрікті, туристік жерлерінің біріне айналса деген сенімін жеткізді.

Музейдің ашылу салтанатына қатысқан «Жасыл қала Қонаев» мекемесінің директоры Марк Бейдали өз әсерімен бөлісті:

«Мен кезінде Солтүстік флотта теңіз жаяу әскерінде қызмет еттім. Бүгінгі ашылған әскери мұражайдағы БТР-лерді көріп, сол кездерім есіме түсіп жатыр. Қазіргі жастар үшін бұл техника жай ғана құрал болып көрінуі мүмкін, алайда олардың әрқайсысының артында үлкен тарих жатыр. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу үшін мұндағы әрбір техниканың тарихын жеке-жеке жазу қажет деп ойлаймын. Бұл жасөспірімдердің өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бір ғана оқиға олардың болашақ мамандығын таңдауға, отанды сүю мен оны қорғауға шабыттандыруы ықтимал. Мен мұны өз өмірімнен білемін: кезінде бір фильмдегі шағын ғана оқиға менің десантшы болуыма түрткі болды. Сондықтан осы мұражайдағы әрбір әскери техниканың тарихын жастарға жеткізсек, бұл олардың жүрегіне отансүйгіштік сезімді, ел алдындағы борышы мен жауапкершілікті қалыптастыруға үлкен үлес қосары анық деп сенемін.

Бұдан бөлек, мұражай экспонаттарын таныстыру барысында олардың қызмет ету тарихы, ардагерлердің естеліктері және әрбір техниканың маңызды оқиғалары туралы әңгімелер жастардың қызығушылығын оятып, отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Жастардың тарихи сана-сезімін дамыту және болашақта елін қорғауға дайындығын арттыру үшін мұндай мұражайлар ерекше маңызды. Осылайша, әскери мұражайлар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде, патриоттық тәрбиені нығайтуда және ел қорғау жолындағы қызметтің маңыздылығын көрсетуде маңызды рөл атқарады деп санаймын»,- деді.

Бұл салтанатты ашылу жиыны барысында жиналған жұрт музейді аралап, әрбір қойылған техникамен танысты. Әскери-техника мұражайының ашылуы Қонаев қаласының тарихында ерекше орын алатын маңызды оқиға болды. Мұражайдың ашылуы қала тұрғындары мен қонақтарына отандық қорғаныс саласының тарихымен танысуға және жастардың бойында патриоттық сезімді нығайтуға мүмкіндік берері анық.

Қала күніне орай өткен Қонаев қаласының мерекелік шаралары мәдениет үйінде жалғасты. Қала әкімі Асхат Ермекұлы Бердіхановтың құттықтау сөзімен ашылған мерекелік кеште қала тұрғындары мен қонақтары ерекше көңіл-күйде болды. «Құрметті Қонаев қаласының тұрғындары! Қадірменді жерлестер! Осыдан 2 жыл бұрын елімізде аса маңызды тарихи сәт орын алды. Мемлекетімізде жаңа облыстар құрылып, олардың орталықтары белгіленді. Бұл өзгерістер Қонаев қаласына да өз септігін тигізіп, қаламыз даму жолында жаңа деңгейге қол жеткізді. Осы орайда, баршаңызды облыстың құрылу күнімен шын жүректен құттықтаймын!», — деді әкім.

Мерекелік шара барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Қонаев қаласының Құрметті азаматы» атағымен Әбенов Дәулет Тоғайұлы, Есілбаев Зарыққан Әбілқасымұлы, Жакупов Қанат Жұмабекович, Зхиев Имангали Даулетович және басқа да азаматтар марапатталды. Сонымен қатар, қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.

Қонаев қаласының әкімшілігі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын іске асыруды көздеп отыр. Бұл жоспар аясында жалпы 187 іс-шара бекітілген, олардың басым бағыты – инфрақұрылымды дамыту. Әкімнің айтуынша, бұл жоспар қала тұрғындарына қолжетімді баспана, қолайлы инвестициялық орта және жаңа бағыттағы экономикаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Қадам басқан адам ғана жолды бағындырады,» – деген әкім, алдағы уақытта қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар қолға алынатынын атап өтті.

Сонымен қатар, 8 маусым күні кешкі сағат 17:00-де Қонаев қаласының орталық алаңында «ASPAN FEST» ашық аспан астындағы ғаламат фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Алматы облысы әкімдігі мен Аспан ФМ бірлесіп ұйымдастырған бұл фестиваль жаз бойы апта сайын өтетін болады. Фестиваль аясында еліміздің ең танымал эстрада жұлдыздары, оның ішінде Музарт, Еркеш Хасен, Диана Исмаил және «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Шара барысында көпшілікке түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылып, Алматы облысының қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Қала күні мерекесі аясында ұйымдастырылған шаралар тек қана көңіл көтеру емес, сонымен қатар тұрғындардың бірлігін нығайтуға, ортақ мақсаттарға жетуге ынталандыруға бағытталған. Қонаев қаласының екі жылдық мерейтойы жаңа бастамалармен, тың жобалармен есте қалды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл мерекелік шараларды қуанышпен қабылдап, болашаққа сеніммен қарады. Мереке аясында өткізілген әрбір іс-шара қала өмірінің жаңа белесіне жол ашты. Тұрғындар қала әкімшілігіне алғыс білдіріп, осындай шаралардың жиі өткізілуін күтетіндіктерін айтты.

Қонаев қаласының мерейтойы жыл сайын маңызды шаралармен және жобалармен толығып, қаланың дамуына серпін береді деген сенімдеміз. Барша қала тұрғындары мен қонақтарына бейбіт өмір, табыс және гүлдену тілейміз!

Назерке Инақынова

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke