Воскресенье, 8 сентября, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

ТҮЛЕК 2024 – Жаңа Қазақстанның ертеңі

Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте 9 сыныптардың мектеп бітіру кешіне арналған «ТҮЛЕК 2024 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты шара өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы кіргізіліп, еліміздің асқақ әнұраны шырқалған соң, жұртшылық рухани сезімге бөленді. Алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Гүлмира Амангелдіге берілді.

– Қымбатты түлектер, ата-аналар, ұстаздар! Баршаңызды бүгінгі 9-сыныппен қоштасу күнімен құттықтаймын! Біз мектеп қабырғасында сіздерді бүгінгі жастардың бойында болу керек құндылықтарға тәрбиелеп, инновациялық өзгерістерге дайын тұлға болуға бейімдедік. Қазақстанның жаңа даму кезеңі – тікелей жас ұрпақтың қолында. Ертеңгі күннің бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға жетелейтін күш тек білімде. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын имене аттаған жеткіншектер бүгінгі күні негізгі білім бойынша аттестат алуға келіп тұр. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бүгінгі таңда үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізіп отырған мектебіміздің 9-сынып бітіруші түлектері жаңа өмірге қадам басқалы тұр, – деді мектеп басшысы.

Мектеп директорының құттықтауынан кейін 9-сынып түлектерінің сынып жетекшілері таныстырылды. Олар: 9 «А» сынып жетекшісі Маханова Арайлым, 9 «Б» сынып жетекшісі Байгазиева Гүлнүр, 9 «Г» сынып жетекшісі Керимкулова Әсел.

Сахна төрінде Гүлмира Несіпбайқызы «Үздік аттестат» иелерін құттықтады. Одан кейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Төлепова Фарида Қуанышбайқызы жүректері лүпіл қағып, көңілдерін шаттық кернеген түлектерге негізгі білімді аяқтағаны туралы аттестат табыстады.

9-сынып жетекшілері атынан Маханова Арайлым Оразкелдіқызы сөз алып, шәкірттерін негізгі білімді бітірулерімен құттықтап, өзінің де толқынысты сәтті басынан өткеріп тұрғанын тебірене айтты. Ол жас түлектердің қанаттары талмай, самғай берулерін тіледі.

Салтанатты жиын әр сыныптың өнерпаз шәкірттерінің өнерлерін ортаға салуымен қорытындыланды.

Қырмызы НИЯЗХАНОВА,
Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектеп директорының орынбасары

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke