Вторник, 2 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Бұйрықтық іс жүргізу кең қолданыста

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қолданысқа енгізілуі құрылым жұмысына жаңаша сипат берді. Қарапайым істер бойынша шешімдерді жылдам реттеу, олардың түсінікті, анық та тұжырымды болуы талап етілуде. Осы мақсатта Қылмыстық процестік кодекске жаңа институт – бұйрықтық іс жүргізу енгізілді.
 бұйрықтық іс жүргізу – бұл сот отырысын жүргізбей, сот тарапынан айыппұл тағайындаумен, айыптау үкімін шығарумен қаралатын қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізудің  дербес нысаны. Жедел жүргізілетін бұл істердің  артықшылығы аз емес. Мұндай игілікті өзгерісті енгізу сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының жұмысын жеңілдетуді, қысқа мерзім ішінде маңызы болмашы, айқын қылмыстық істерді аяқтап, бұзылған құқықтарды тез арада қалпына келтіруді, тергеу мен сот органдарының назарын анағұрлым қиын істерге аударуды көздейді. Яғни, бұйрықтық іс жүргізу қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша күдікті өз кінәсін мойындаған жағдайда, сот тараптардың қатысуынсыз қаралады, бұл ретте мемлекет қаражаты, істі қарау мерзімдері үнемделеді.
Егер, жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса, күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе, күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал, жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
Бұйрықтық іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға, кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға, қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға, міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
 Істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қараудың өзіндік артықшылықтары бар. Яғни, ол процесуалдық шығындарды үнемдеп, істің жедел түрде қаралуын және сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұйрықтық іс жүргізу процесі уақыт талабы болып отыр дей аламыз.

Мезгильбаева Гайде Эрмековна, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke