Бейсенбі, Сәуір 28, 2022

«Уылдырық шашу-2022» табиғат қорғау акциясы

Басқада

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің  Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы»  бұйрығына сәйкес, уылдырық шашу,  көбеюі кезеңінде балық түрлері  және басқа да су жануарларын аулауға тыйым салынады.

Ағымдағы жылдың уылдырық шашу кезеңі Қапшағай су қоймасында сәуір айының 15-нен басталып мамыр айының 30-на дейін жалғасады. Іле өзенінің жоғарғы ағысында наурыздың 25-нен шілденің 6-не дейін, Іленің төменгі ағысында сәуірдің 5-нен маусымның 6-на дейін белгіленген.   

Алайда, «Уылдырық шашу-2022» табиғат қорғау акциясы аясында анықталып отырғандай, табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтар азаймай тұр. «Уылдырық шашу – 2022» акциясы бойынша Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлерімен браконьерлік фактіні анықтау және алдын-алу бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Жүргізілген іс-шаралар барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың барлығы 9 фактісі анықталды. Аталған фактілер бойынша, заңсыз балық аулағаны үшін 5 әкімшілік материал қозғалды, сонымен қатар су айдындарында заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізгені үшін 1 заңды тұлғаға қатысты әкімшілік материал қозғалды. Нәтижесінде, заңбұзушыларға 137835 тенгенің айыппұлы салынды. Сондай-ақ, рейдтік іс-шаралар барысында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз сату, сақтау, тасымалдау фактілері анықталып, 3 әкімшілік іс сотқа жолданды. Соттың шешіміне дейін заң бұзушылардан 214 кг заңсыз ауланған балықтар, 1 дана «Обь» маркалы  үрлемелі қайық тәркіленді. Балық ресуртарына алдын-ала келтірілген залал мөлшері 681696,8 теңгені құрады.

Осы орайда, балық аулауға тыйым салынған мерзімде заң бұзушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын қатаң ескертеміз. Балық ресурстарына келтірілген залал жылдар бойы орны толмас экологиялық қасіретке әкелетіндігін еліміздің әр азаматы естен шағармағаны абзал.

«Уылдырық шашу-2022» акциясы жалғасуда.

А .СЛЕЙМЕНОВ,

 Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің басшысы

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img

Жаңалықтар