Құрметті отандастар!
23 тамызда елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы бұл оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып, Әділетті Қазақстан құру жолында маңызды қадамдар жасалды. Халық Конституциясының күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал Құрылтай сайлауы алдағы реформаларға тың серпін беріп, қазіргі Қазақстан тарихының жаңа парағын ашуға тиіс.
Президент Құрылтай сайлауының өтетін уақытын саяси партиялар дайындық жұмыстарын толық жүргізе алуы үшін алдын ала жариялағанын атап өтті. Соның нәтижесінде алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекелі әрі өркениетті сипатта өтті.
Партиялар сайлаушылармен кездесулерде, бұқаралық ақпарат құралдарындағы үгіт-насихат барысында, жалпыұлттық теледебаттар мен әлеуметтік желілердегі пікірталастарда өз бағдарламалары мен елдің болашағына қатысты ұсыныстарын таныстырды. Азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдениет пен басқа да бағыттарды дамытуға арналған бастамаларды салыстырып, өз бағасын беруге мүмкіндік алды.
Сайлауалды кезең қоғамдағы саяси күн тәртібінің өзгергенін көрсетті. Жаңа тұлғалар мен тың бастамалар пайда болды. Қоғамдық пікірталастарға жастар, кәсіби қауымдастық өкілдері және кәсіпкерлер белсенді араласты. Бұл азаматтардың саяси мәдениеті артып, мемлекеттік басқару ісіне қатысу деңгейінің өскенін аңғартады.
Президент әр азамат туған елінің тағдырына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті. Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың назарында болды, олар дауыс беру күні де сайлау учаскелерінде жұмыс істейді.
Қазақстан «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік ететін, азаматтардың пікіріне құрметпен қарайтын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құру бағытын жалғастырады.
Мемлекет басшысы жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді. Жаңа Құрылтай түрлі көзқарастар мен ел болашағына қатысты бастамалар тоғысатын ортақ алаңға айналып, Қазақстанды одан әрі жаңғыртуға серпін беруі тиіс.
Қазіргі геосаяси шиеленіс пен жаһандық сын-қатерлер жағдайында еліміз стратегиялық бағытынан таймай, Қазақстанды әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.
Президент алдағы сайлауды ел тарихындағы бетбұрысты кезең деп атап, әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін айтты.
«Келісіп пішкен тон келте болмас».
Мемлекет басшысы барша азаматтарды, әсіресе жастарды, сайлауға қатысып, саналы таңдау жасауға және Қазақстанның табысты дамуына өз үлесін қосуға шақырды.
Баршаңызға амандық және табыс!
Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!


