Қонаевта 200-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады
Қонаев қаласының Орталық алаңында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3660 әскери бөліміне келген жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Елдің әр өңірінен жиналған 200-ден астам азамат осы күннен бастап Отан алдындағы әскери міндетін ресми түрде атқаруға кірісті.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан басшылығы, Қонаев қаласы әкімдігінің өкілдері, әскери қызмет ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Біркелкі әскери киім киген жас жауынгерлер Орталық алаңда сап түзеп, өз өмірлеріндегі аса жауапты сәтті қарсы алды.

Рәсім Жауынгерлік Туды салтанатты түрде алаңға алып шығудан басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, сапта тұрған сарбаздар ел алдындағы жауапкершіліктің салмағын айқын сезінді. Кеше ғана азаматтық өмірден келген жастар үшін бұл күн әскери қызметтің жаңа кезеңін бастаған тарихи сәтке айналды.
Жиында алғашқы болып 3660 әскери бөлімінің командирі Есбол Ержақып сөз сөйледі. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабында ел қорғау әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті ретінде белгіленгенін айтып, әскери анттың мәніне тоқталды.
– Әскери ант – әскери өмірдің негізгі әрі мызғымас заңы. Осы күннен бастап сіздер Қазақстан Республикасының сенімді қорғаушылары атанып, Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай мойындарыңызға аласыздар. Әскери жарғыларды бұлжытпай орындап, қызметтің қиындықтарына табандылықпен төтеп беруге әрдайым дайын болуларыңыз керек, – деді әскери бөлім командирі.
Ол жас сарбаздарды аға буынның ерлік дәстүрін қастерлеуге, батырлардың өнегесін үлгі тұтуға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауынгерлік рухты бойларына сіңіруге шақырды. Әскери ортаға тез бейімделіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауларына тілектестік білдірді.
Әскери қызмет – тек қару ұстау мен саптық дайындық емес. Ол жас азаматты тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және жолдастыққа тәрбиелейді. Сарбаз күнделікті белгіленген тәртіпке бағынып, командирлердің бұйрығын орындаумен қатар, жанындағы жауынгерге сенуді және ортақ міндетке адал болуды үйренеді. Сондықтан ант қабылдау рәсімі әскери қызметшінің өміріндегі жай ғана салтанатты шара емес, оның моральдық және құқықтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең саналады.

Көпшілік тағатсыздана күткен сәтте Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан шақырылған 200-ден астам жас сарбаз кезекпен сап алдына шықты. Қолдарына қару ұстаған жауынгерлер Қазақстан халқына, заңды сайланған Президентке, Конституция мен ел заңдарына адал болуға, командирлердің бұйрығын мүлтіксіз орындауға салтанатты түрде ант берді.
Сарбаздардың нық дауыспен айтқан серті Орталық алаңда жаңғырып, ата-аналар мен туған-туыстар үшін ерекше толқынысты сәтке ұласты. Кеше ғана үйінен аттанған бозбалалардың сапта тік тұрып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруға уәде беруі олардың азаматтық өміріндегі үлкен белестің басталғанын аңғартты.

Салтанатты рәсімде Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын жас сарбаздарды маңызды қадамымен құттықтады. Ол әскери ант қабылдау Отан алдындағы борышты өтеудің ресми басталуы ғана емес, ел мен жерге деген адалдықтың, биік рух пен үлкен жауапкершіліктің айғағы екенін атап өтті.
Мемлекеттік Тудың астында берілген серт туған жердің тыныштығы мен халықтың амандығын қорғау міндетімен ұштасады. Бүгінгі сарбаздардың тәртіпке беріктігі мен әскери даярлығы ертең ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке айналады. Сондықтан әрбір жауынгер қабылдаған антының мәнін түсініп, оны қызмет барысында абыроймен орындауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салихбаев та әск

ери анттың жас сарбаз өміріндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, Отан қорғаушы болу – абыройлы міндет әрі үлкен сын.
Полковник жас жауынгерлерді адалдыққа, тәртіпке және табандылыққа шақырды. Әскери жарғылар мен командирлердің бұйрықтарын мүлтіксіз орындау, қызметтің қиындығы мен ауыртпалығына төтеп беру, қаруластарымен берік байланыс орнату – сарбаздың басты міндеттерінің бірі. Антқа беріктік күнделікті қызметтегі жауапкершілік пен тәртіптен көрінетіні айтылды.
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Асатулла Құлахмедов жас сарбаздарға ақ батасын беріп, ел қорғауға бағытталған қадамдарының құтты болуын тіледі. Ол әскери қызметтің азаматты шыңдап, жауапкершілік пен төзімділікке тәрбиелейтін үлкен мектеп екенін атап өтті.

Қатардағы жауынгерлер Ердәулет Илиясов пен Владимир Скоробогатовтың әжелері Сәуле Нұрғабылова мен Нина Малышева да мінберге көтеріліп, ақжарма тілектерін арнады. Олар немерелеріне және сапта тұрған барлық жас сарбазға амандық, беріктік пен абыройлы қызмет тіледі. Ақ жаулықты әжелердің жүрекжарды лебізі алаңға жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.
Жас жауынгер Ернұр Ерболұлы ант қабылдаған сарбаздар атынан сөз сөйлеп, берілген сертке адал болуға уәде етті. Ол Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, тапсырмаларды бұлжытпай орындауға, әскери тәртіпті берік сақтауға және бөлімнің жауынгерлік дәстүрін лайықты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Әскери ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта қажетті даярлықтан өтіп, Ұлттық ұланның міндеттерін орындауға кіріседі. Ұлттық ұлан әскери бөлімдері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, стратегиялық нысандарды күзетуге және төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қорғауға қатысады. Демек, бүгін ант берген әрбір сарбазға ел тыныштығын сақтауға бағытталған жауапты міндет жүктеліп отыр.

Рәсім аяқталғаннан кейін әскери бөлім басшылығы сарбаздардың ата-аналарымен арнайы кездесу өткізді. Кездесуде мерзімді әскери қызметтің тәртібі, жауынгерлердің бір жыл ішінде орындайтын міндеттері, күнделікті даярлығы мен тұрмыстық жағдайы туралы түсіндірілді.
Сондай-ақ ата-аналардың балаларымен байланысу жолдары, әскери бөлімге келу және сарбазбен жүздесу тәртібі таныстырылды. Әскери бөлім өкілдері ата-аналардың сауалдарына жауап беріп, әр сарбаздың денсаулығы мен қауіпсіздігі, қызметке бейімделуі және әскери тәртібі тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Орталық алаңдағы салтанатты рәсім жас жауынгерлер үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен туған-туыстары үшін де ұмытылмас күн болды. Әскер қатарына қосылған азаматтар енді тәртіп пен төзімділік сыналатын жаңа ортада шыңдалып, Отан қорғаушы деген мәртебелі атаққа лайық болуға ұмтылады.

Әскери ант – бір сәтте айтылып, кейін ұмытылатын сөз емес. Ол – сарбаздың ар-намысына, азаматтық жауапкершілігіне және ел алдындағы міндетіне берілген серт. Осы сертке адалдық әрбір жауынгердің абыройлы қызметінің басты өлшемі болмақ.
Аян Қонаров

