Қонаев қаласының тарихы мен қалыптасуында айрықша орны бар Қапшағай ГЭС-інің ұжымы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
Қапшағай ГЭС-і – қаланың бой көтеруіне негіз болған стратегиялық нысандардың бірі. Бір кездері осы алып энергетикалық нысанның құрылысы Қапшағай қаласының қалыптасуына жол ашып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді. Бүгінде ГЭС ұжымы қаланың тарихымен біте қайнасқан еңбек дәстүрін жалғастырып келеді.
«Қапшағай ГЭС-і үшін бұл қала жай ғана жұмыс орны орналасқан мекен емес. Бұл – талай буынның еңбегімен қалыптасқан, тарихы энергетика саласының дамуымен тікелей байланысты шаһар. Бүгінде әрқайсымыздың дауысымыз – елдің, өңірдің және қаламыздың болашағына деген көзқарасымыздың көрінісі. Сондықтан сайлауға қатысу – азаматтық міндет деп білеміз», – деді станция ұжымының өкілдері.
Айта кетейік, бүгін шаһарда 31 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың алтауы жабық учаскелер.


