Қонаев қаласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өтті

2026 жылғы 2 қыркүйек күні Алматы облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Қонаев қаласы мен оған қарасты аумақтарда діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтті.

Атап айтқанда, дінтанушы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі
Елнар Берікбаев түрлі қоғам өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Ол полиция басқармасындағы құқық қорғау қызметкерлерімен, сондай-ақ пробация есебінде тұрған азаматтармен және олардың туыстарымен жүздесіп, қоғамдық келісім, ел тыныштығы мен дәстүрлі құндылықтардың маңызын талқылады. Сонымен қатар, маман кітапханада шығармашылық орталықтың өкілдерімен, ал орта мектепте жасөспірімдермен мазмұнды сұхбат құрды. Түсіндіру жұмыстары мұнымен шектелмей, автобекет маңындағы уақытша жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және базардағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған саудагерлерді де қамтып, олардың көкейтесті сұрақтарына тұщымды жауаптар берілді.

Өз кезегінде психолог Мәншүк Құсайынова әскери құрылымдар мен жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Ол жергілікті әскери бөлімдердің қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, отансүйгіштік, рухани беріктік және теріс діни ағымдардың психологиялық қаупі жайында салиқалы ой өрбітті. Бұған қоса, жастар орталығында қала жастарымен кездесу өтті. Шара барысында діни сауаттылық мәселесі де назардан тыс қалмай, психолог жергілікті мешітке арнайы барып, діндар әйелдермен еркін форматта тілдесті.

Аталған кездесулер ресмиліктен қашық, шынайы әрі ашық диалог түрінде өтті. Қатысушылар көтерілген тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, мамандардың сөзін зейін қоя тыңдады. Әсіресе, тұрғындар, саудагерлер мен әскери қызметкерлер өздерін мазалаған діни және психологиялық мәселелер бойынша мамандармен емін-еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke