-9.1 C
Алматы
-10.5 C
Капшагай
Четверг, 12 декабря, 2024
spot_img

Тәуелсіздік нұры: Қонаев қаласында Республика күні сән-салтанатпен аталып өтті

24 қазан күні Қонаев қаласының мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының күніне арналған «Отаным Қазақстан!» атты мерекелік жиын өтті. Бұл күні қаланың тұрғындары мен қонақтары ел тарихындағы маңызды сәттерді бірге атап өту үшін жиналды. Салтанатты кеш бірлік пен татулықтың жарқын көрінісін паш етіп, қазақ жерінің азаттығы мен тәуелсіздігін дәріптейтін ерекше мереке ретінде есте қалды.

Жүргізушілер қазақ және орыс тілдерінде құттықтау сөздерін жеткізіп, Қазақстанның көпұлтты және достығы жарасқан мемлекет екенін айшықтады. Республика күні – еліміздің тарихындағы ерекше күн. 1995 жылы алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өткен бұл күн, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайтадан ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл мереке еліміздің тәуелсіздік жолындағы асқан қадамдарының бірін еске салады.

Салтанатты жиында Қонаев қаласы әкімі Асхат Ермекұлы Бердіхановтың құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсететін мереке екенін атап өтті. Ол Қонаев қаласының да даму жолындағы жетістіктерін тілге тиек етіп, қалада атқарылып жатқан маңызды жұмыстар туралы баяндады. Қаланың өнеркәсіп көлемі 65 миллиард теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 11,3 миллиард теңгені құрағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, қала бюджетіне салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 103,7 миллиард теңге түсіп, бұл көрсеткіштердің алдағы уақытта да өсетініне сенім білдірді. Қала әкімі тұрғындарды елдің өркендеуі жолында бірлік пен татулықты сақтап, бірге еңбек етуге шақырды.

Жиынның маңызды сәттерінің бірі – қала тұрғындарына құрмет көрсету және марапаттау рәсімі болды. Қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қонаев қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды. Марапатталғандар арасында қоғам, мәдениет және білім саласында еңбек етіп жүрген жандар бар.

Қала әкімі Асхат Бердіханов марапаттау рәсімін салтанатты түрде бастады. Ол алғашқы марапатты қолөнершілер шеберханасының директоры, көп балалы аналарға арналған «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Калжанова Жанат Медетовнаға табыстады. Бұл ұйымның төрайымы ретінде ол көп балалы аналарға қолдау көрсетіп, қоғамның әлеуметтік дамуына айрықша үлес қосып келеді. Сонымен қатар, Актанова Айгүл Бегімбайқызы Қонаев қалалық кітапханасының директорының міндетін атқарушысы ретінде алғыс хатпен марапатталды. Ол білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, қала тұрғындарына мәдени-ағарту қызметін көрсетуде.

Білім саласындағы үздік ұстаздар қатарында Байбагисова Баян Аманбаевна, Қонаев қаласы №1 Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің мұғалімі де қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ол білім беру саласында табысты еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде айрықша еңбегімен көзге түскен. Қала ардагерлерінің белсенді мүшесі Балтабаев Кенжеболат Мұхтарұлы да марапатқа ие болды. Ол Қонаев қаласының ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі ретінде қоғамда құрметке ие.

Марапатталғандардың қатарында Батырша Дархан Сабырханұлы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас маманы, сондай-ақ Джакупов Канат Жумабекович, спорт ардагері және Қонаев қаласының Құрметті азаматы болды. Олардың еңбектері де жоғары бағаланды. Қала әкімінің алғыс хаты сонымен қатар, Шеңгелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Құламханова Бибінұр Маратқызына және музыкалық жетекші Қасымбай Қайрат Жұмабайұлына табысталды. Олар қаланың мәдени дамуына қосқан үлестері үшін марапатталды.

Салтанатты кеш барысында Қонаев қалалық мәслихатының төрағасы Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы да құттықтау сөзін сөйлеп, бірнеше азаматтарға мәслихат атынан алғыс хаттарын табыстады. Оның сөзінде қаладағы жетістіктер мен жоспарлар айтылып, тұрғындарды Республика күнімен құттықтады. Нұрқадыровтың марапаттаған азаматтары арасында қаланың қаржы бөлімінің басшысы Келдібекова Ләйлә Қаракүшікқызы, сондай-ақ Қала әкімі аппаратының басшысы Тұрсын Марат Файзұллаұлы болды. Олардың еңбектері де жоғары бағаланды.

Кештің ең ерекше сәті кино және театр әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актері Абдилманов Болат Мәзімбайұлының сахна төріне шығып, салтанатты құттықтау сөз сөйлеуі болды. Оның айтқан жүрекжарды тілектері мен елге деген сүйіспеншілігі залдағы көпшіліктің көңілінен шықты. Абдилмановтың өнері көпшілікті рухтандырып, кештің шырайын аша түсті.

Салтанатты жиын одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде қазақстандық эстрада жұлдызы Ақылбек Жеменей өнер көрсетіп, көрермендердің көңілін көтерді. Жергілікті өнерпаздар да сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Музафарова Аружан мен Қанышқызы Дәнияның орындауындағы тамаша әндер көрермендерді баурап алды. Ал жергілікті «Қазына» ән-би ансамблі көрермендерге «Шашу» биін сыйлап, кештің сәнін келтірді.

Мерекелік жиынның соңында жүргізушілер қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елдің тәуелсіздігі мен бірлігі баянды болсын деген ізгі тілектерін жеткізді. Бұл күн Қонаев қаласының тұрғындары үшін ерекше маңызға ие болып, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, көк байрағы биікте желбіреп, әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімі мәңгі сақталсын деген оймен кеш қорытындыланды.

Инақынова Назерке

- Подписка 2025 -spot_img
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

- Подписка 2025 -spot_img

instagram
@nurlyolke

Жаңалықтар | Новости