Оқиға орнындағы әрбір із бен заттай дәлелдемені дер кезінде анықтау – қылмысты ашудағы маңызды қадамдардың бірі. «Полицияның бір күні» айдарының бұл жолғы кейіпкері – Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі полиция капитаны Алтынбек Асқаралиұлы.
Криминалист шақырту түскен сәттен бастап, қажетті құрал-жабдықтарын алып, оқиға орнына жедел аттанады. Ең алдымен жағдайды мұқият зерделеп, қылмысқа қатысты болуы мүмкін іздер мен заттай дәлелдемелерді анықтайды. Табылған әрбір із белгіленген тәртіппен бекітіліп, алынады және әрі қарай зерттеуге жолданады.
Полиция капитаны А.Асқаралиұлы үшін бұл қызмет жоғары жауапкершілікті, мұқияттылықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Қылмысты ашу тек күдіктіні анықтап, ұстаумен шектелмейді. Оның бастауында оқиға орнынан алынған нақты дәлелдер тұрады.
Сондықтан криминалистің көзге көрінбейтін іздерді дер кезінде анықтауы – әділдікке бастайтын маңызды қадам.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

