Жетісу облысындағы барлық инсульт орталықтарында ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматты түрде анықтауға және диагностикалауға арналған Cerebra жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, қолданысқа берілді. 2026 жылғы маусым айынан бастап бағдарламалық қамтамасыз ету өңірдегі инсульт алған науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымда жұмыс істеп тұр.
Цифрлық технологияны енгізу өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Оның негізгі мақсаты – диагностиканың жеделдігін арттыру, инсульттік топтардың жұмысын жетілдіру және ми қан айналымының жіті бұзылыстары кезінде көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасын жақсарту.
Cerebra бағдарламасы компьютерлік томография арқылы алынған ми кескіндерін автоматты түрде талдап, патологиялық өзгерістерді 3D-координаттар жүйесінде бағалайды. Жүйе мамандарға ишемиялық инсульттің үш түрін және геморрагиялық инсульттің бес түрін анықтауға, мидың зақымдану аймағы мен көлемін бағалауға, сондай-ақ емдеудің терапиялық терезесі кезеңінде қажетті диагностикалық ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге негізделген клиникалық шешім қабылдауға және науқасты емдеудің одан арғы тактикасын айқындауға көмектеседі. Оның ішінде тромболитикалық терапия жүргізу немесе эндоваскулярлық араласу, яғни механикалық тромбэкстракция жасау қажеттілігі анықталады.
Жүйенің тағы бір артықшылығы – зерттеу нәтижелерін мобильді құрылғылар арқылы қашықтан қарау мүмкіндігі. Бұл мамандар арасында диагностикалық ақпарат алмасуды жеделдетіп, инсульттік топтың өзара үйлесімді жұмысын жақсартуға және клиникалық шешім қабылдау уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Жетісу облысының штаттан тыс бас нейрохирургі, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Айрат Жүнісовтің айтуынша, инсультті емдеуде уақытылы диагностика жүргізудің маңызы ерекше.
«Инсультті емдеуде шешуші факторлардың бірі – уақыт. Патологиялық өзгерістер неғұрлым ерте анықталып, инсульттің түрі нақты белгіленсе, дәрігерлер қажетті емдеу тактикасын соғұрлым жылдам таңдай алады. Cerebra бағдарламасы мидың компьютерлік томографиясы нәтижелерін жедел талдауға, зақымдану аймағы мен сипатын анықтауға көмектеседі. Бұл әсіресе шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде аса маңызды.
Жүйенің облыстағы барлық инсульт орталықтарында қолданылуы диагностиканың жеделдігін арттырып, мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтуға және пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар жасанды интеллект дәрігердің көмекші құралы екенін атап өткен жөн. Ал емдеу бойынша түпкілікті клиникалық шешімді науқастың жағдайын ескере отырып, дәрігер қабылдайды», – дейді Айрат Жүнісов.
Айта кетейік, өңірде Cerebra бағдарламалық қамтамасыз етуі алғаш рет 2021 жылғы желтоқсанда Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Жобаны іске асыру кезеңінде жүйенің көмегімен мидың 10 121 компьютерлік томография зерттеуі өңделіп, талданған.
Атап айтқанда, 2021 жылы – 168, 2022 жылы – 3 161, 2023 жылы – 4 780, ал 2024 жылы 2 012 зерттеу талдаудан өткен.
Облыстық ауруханада технологияны сынақтан өткізу нәтижелері оның тиімділігін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік беріп, кейіннен өңірдің басқа да медициналық ұйымдарына енгізуге негіз болды.
Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана – III деңгейдегі инсульт орталығы. Сондай-ақ ол Сарқан және Панфилов аудандары орталық аудандық ауруханаларының филиалдарының жұмысын үйлестіреді.
Бүгінде Cerebra жүйесі Қазақстанның 44 инсульт орталығында қолданылады. Ал Жетісу облысында аталған технология өңірдегі барлық инсульт орталықтарының жұмысына енгізілген.
Жалпы, денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану диагностиканы жетілдіруге, медицина мамандары жұмысының тиімділігін арттыруға және ми қан айналымының жіті бұзылыстары бар пациенттерге уақтылы мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

