«Maxi Чай» — барлығына таныс дәм

Тұрсынғали Тұрымұлы Алагузов үшін кәсіпкерлік жол 1990-жылдардан басталды. Елде тұрақсыздық пен жаңа мүмкіндіктер қатар жүрген кезеңде ол сауда-саттықпен айналысып, алғашқы коммерциялық жобаларын қолға алды. Қытайлық серіктестермен жұмыс істеп, құрылыс материалдарын сатты.

«Тоқсаныншы жылдар біреулер үшін қорқыныш пен тұрақсыздық кезеңі болса, енді біреулер үшін жаңа мүмкіндіктердің уақыты болды. Мен үшін бұл кезең үлкен қадам жасауға түрткі болды. Кәсіпкерлікке келіп, сауда-саттықтың қыр-сырын үйрендім. Шынымды айтсам, маған бұл қиын болған жоқ, өйткені бала кезімнен бір нәрсе сатып, сауда жасап өстім», — деп еске алады Тұрсынғали Тұрымұлы.

1994–1997 жылдары ол қытайлық серіктестермен бірлесіп, құрылыс материалдарын экспорттаумен айналысты. Кәсіпкер бүгінде бұл кезеңді өміріндегі маңызды тәжірибе ретінде еске алады. Қытайға жиі бару арқылы ол сауда саласын меңгеріп қана қоймай, Қазақстан нарығында сұранысқа ие болуы мүмкін өнімдерге де назар аударды.

Дәл солай Қытай елінде жұмыс жасап жүргенде, Тұрсынғали Тұрымұлы жасмин мен бал қосылған көк шайдың дәмін татып көреді және сол дәм ерекше көңілінен шыққанын айтады.

«Бұл шайдың дәмі маған қатты ұнады. Сол кезде: “Неге Қазақстанда мұндай сусын жоқ?”- деп ойладым. Ал менде бір ой пайда болса, оны жүзеге асырмайынша тоқтамаймын», — дейді кәсіпкер.

Осы ой өз өндірісін ашуға деген ойға әкелді. 1998 жылы алғаш «Хрустальная» суын шығарды, осылайша, шағын бастама біртіндеп ауқымды өндірістік бизнеске айналды.

Алғашқы жылдары ол клиент іздеу, өнім жеткізу және сату секілді жұмыстардың барлығын өзі атқарып жүрді. Бизнесін дамыту үшін бар күшін салды. Алайда, бизнестің тұрақты дамуы үшін мықты команда мен толыққанды өндірістік құрал-жабдықтармен жабдықталған зауыт керек екенін білді.

Кәсіпкер 2004 жылы Алтай-2 шағынауданында алғашқы зауытты салды. 2007 жылы Сүйінбай даңғылында екінші зауыт іске қосылды. Ал үш жылдан кейін үшінші өндірістік орын бөліп төлеу арқылы сатып алынды.

Үш өндіріс алаңы – бірдей үш жабдықтау жүйесі, зертхана, мамандар, күзет және логистика дегенді білдірді. Мұның бәрін қатар басқару оңай болмады.

«Күнделікті мәселелерді тек бір жерде ғана емес, үш компанияда шешу керек болды. Осының барлығы мені қатты шаршатты. Сонда бізге кеңейіп, өндірісті бір жерге біріктіру қажет екенін түсіндім», — деп еске алады кәсіпкер.

Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін компания бизнес-жоспар әзірлеп, банкке жүгінді. Жаңа зауыт салуға 100 миллион доллар қажет еді.

Несие 17 пайыздық мөлшерлемемен беріліп, оның 6 пайызын мемлекеттік қолдау аясында мемлекет субсидиялады. Осы кезеңде Алматы облысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры компанияның дамуында маңызды рөл атқарды. Себебі бұл қолдау жаңа өндіріс жобасын жүзеге асыруға, қажетті жабдықтарды сатып алуға және өндірісті бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік берді.

«Даму» қоры компаниямыздың дамуы жолында маңызды кезеңдердің біріне айналды. Жаңа кәсіпорынды іске қосу жұмыстары өте қысқа мерзімде жүргізілді. Құрылыс, коммуникациялар, жабдықтарды жеткізу және оларды монтаждау мәселелерін бір уақытта шешуге тура келді».

Зауыт небәрі алты айда салынды. Тағы екі айдан кейін алғашқы өнім шығарылды.

«Шынымды айтсам, мен үшін сапаға және белгілі бір нарықта өз орныңды табуға басымдық беру маңызды. Масштаб, әрине, жақсы. Бірақ өнім сапасыз болса, оны қанша көлемде өндірсең де, ешкім сатып алмайды», — дейді Тұрсынғали Тұрымұлы.

Осы ұстанымның нақты мысалы — бүгінде 22 жылдық тарихы бар, елімізде өндірілетін, барлығымызға таныс дәм «Maxi Чай» бренді.

Компания осы жылдар ішінде сапа тұрақтылығын сақтап, нарықтағы өзгерістерге жыл сайын ілесіп келеді. Кәсіпкер үшін бизнестегі басты талаптардың бірі — дамуды тоқтатпау.

«Меніңше, бизнес үшін ең үлкен қауіп — “Біз тағы нені жақсырақ жасай аламыз?” деген сұрақты қоюды тоқтату».

Бүгінде компания өндірістік қуатын арттыруды және заманауи технологияларды енгізіп, жаңа өнімдер шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар Тұрсынғали Тұрымұлы отандық өндірістің дамуына да ерекше мән беруде.

«Қазақстанда сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдер жасағымыз келеді. Олармен ел ішінде ғана емес, шетелде де мақтана алсақ дейміз».

Кәсіпкер үшін бизнестің мәні қаржылық нәтижемен шектелмейді. Оның басты мақсаты — өнім шығару, жұмыс орындарын құру және адамдарға пайда әкелу.

«Сондықтан мен үшін бизнес — тек қаржылай тұрақтылық немесе масштабқа шығу емес. Бұл — адамдарға пайда әкелетін іс жасау. Менің басты қағидам — осы. Егер сен адамдарға шын мәнінде пайда әкелсең, онда бизнестің де болашағы бар деп ойлаймын», — дейді кәсіпкер.

Бүгінде Galanz Bottlers өнімдері миллиондаған қазақстандыққа таныс. Ал «Maxi Чай» бірнеше буынның күнделікті өміріне еніп, көпшілікке таныс дәмге айналды. Оның артында күнделікті ізденіс пен үздіксіз еңбек, батыл шешімдер мен өз ісіне деген сенімділік тұр.

Galanz Bottlers осылайша өз даму жолын қалыптастырып қана қоймай, Қазақстанның өндірістік әлеуетін танытатын компаниялардың біріне айналды.

АҚ «GALANZ BOTTLERS»
Мекенжайы: Алматы қ., Сүйінбай даңғылы, 239Б
Байланыс тел.: +7 727 346 91 18/
Эл. пошта: info@galanz.kz
Instagram: galanz.bottlers

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke