Оқу орнын тәмамдаған әрбір жас маманның арманы – алған білімін еңбек жолында пайдалану. Алайда тәжірибенің жоқтығы кейде жұмысқа орналасуға кедергі болады. Осындай жағдайда мемлекет ұсынатын «Жастар практикасы» бағдарламасының көмегі зор. Бұл жоба түлектердің өз мамандығы бойынша тәжірибе жинауына бағытталған.
Қонаев қаласындағы жұмыс іздеп жүрген жастар да бағдарлама талаптарына сәйкес келген жағдайда осы мүмкіндікті пайдалана алады. Практика барысында жас маман ұжыммен жұмыс істеуді үйреніп, кәсіби қабілетін дамытады. Әрине, алғашқы жұмыс бірден жоғары табыс әкелмеуі мүмкін. Бірақ сол алғашқы тәжірибе ертеңгі үлкен жетістіктің негізін қалайды. Жастардың туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасау – қала болашағына жасалған инвестиция.

