Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың төрағалығымен «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында қала аумағындағы өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті цифрлық инфрақұрылым арқылы күшейту, вандализм мен ұсақ құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ жалған терроризмнің алдын алу мәселелері қаралды.
Биыл қала аумағында 352 шығу тіркеліп, 25 өрт оқиғасы болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт саны 32-ден 25-ке дейін төмендеген. Өрт салдарынан адам өліміне жол берілген жоқ. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық аясында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын 100 датчик орнату жоспарланған.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында да бірқатар шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері алкоголь өнімін заңда белгіленбеген уақытта сатуға байланысты 24 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты жүргізілуде.
Отырыс барысында қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелерін дамыту, заманауи аналитикалық технологияларды енгізу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелеріне де назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық тапсырмалар беріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.

