Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын және қос халық арасындағы достықты нығайта түсетінін атап өтті.
🗨 – Аса мәртебелі Король, Сіздің парасатты әрі батыл басшылығыңыздың арқасында Бельгия өзінің бірегей саналуандығын сақтаған әрі әлемге ашық ел ретінде белгілі болып отыр. Халқыңызға адалдығыңыз бен Бельгиядағы түрлі қауым арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ынтымаққа бастар рөлін айқындайды. Осы күрделі кезеңде адами қадір-қасиеті биік, перзенттік парыздың парқын сезінетін тұлға екеніңізді көрсеттіңіз. Бұл ерекше сенім ұялатады әрі зор құрметке лайық. Ұзақ жылдар бойғы достығыңызға және Қазақстанмен байланыстарды нығайту ниетіңізге ризамын. Бүгін осы ықпалдастықты тереңдетуге бірлесе үлес қосатынымызға қуаныштымын. Сіздің күш-жігеріңіз бен қолдауыңыздың арқасында ынтымақтастығымыздың келешегіне үлкен үмітпен әрі сеніммен қараймыз, – деді Президент.

