РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА: ҚОНАЕВТА ПЕЧЕНЬЕ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫРеспублика күні қарсаңында Қонаев қаласының кәсіпкері Мұрат Серғибаев «Д.С.К.К» ЖШС-мен бірлесіп, печеньенің 10 түрін өндіретін жаңа кәсіпорын ашты.Бұған дейін кәсіпкер «МС» брендімен қалада ретроавтомобильдер салонын, әскери техника салонын, дәмхана, автожуу орны мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясын ашқан болатын. Енді оның бизнесі жаңа бағыт – азық-түлік өндірісі саласында дамып келеді.Жаңа кәсіпорынның құрылысы мен өндірісін іске қосуға 250 млн теңге инвестиция салынған. Қазіргі уақытта мұнда печеньенің 10 түрін шығаратын бір өндірістік желі жұмыс істейді. Кәсіпорын тәулігіне 300–400 келі өнім өндіреді. Бұл айына 9–10 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді.«Mirlan» брендімен шығарылатын өнімдер Қонаев қаласындағы және өзге де қалалардағы дүкендерге жеткізіледі. «Д.С.К.К» ЖШС директоры Серік Құржанбайдың айтуынша, компанияға қазірдің өзінде ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар түсіп, өндірісті кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.Алдағы уақытта кәмпит, сусын және тәтті өнімдердің өзге де түрлерін шығаратын қосымша өндірістік желілерді іске қосу жоспарлануда.«Сұранысқа қарай өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өнімдеріміз дүкен сөрелеріне жеткізіліп жатыр. Әлеуетті серіктестер тарапынан да қызығушылық артып келеді», – деді Серік Құржанбай.Кәсіпкер Мұрат Серғибаевтың айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – қолжетімді бағада сапалы өнім өндіру.«Өндіріс орнының Республика күні қарсаңында іске қосылғанына қуаныштымыз. Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, мемлекетіміз өркендей берсін!» – деді кәсіпкер.Айта кетейік, қазіргі таңда Қонаев қаласында 18 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары қалада балық өңдеу зауыты, сондай-ақ құрамажем, күнбағыс майы мен ұн өндіретін ірі кәсіпорындар да ашылған.