Ақтау қаласында әмбебап жекпе-жектен (UNIFIGHT) ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додада Түркістан облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Абзал Азиз жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен 18 команда, оның ішінде түрлі күштік құрылымдардан 6 құрама қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық спортшы бақ сынаған жарыста ҚР ІІМ-нің «ARLAN» спорт клубы да өнер көрсетті.
Тартысты өткен біріншіліктің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубы 1-орынды жеңіп алды. Ал 2-орынды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы алса, 3-орын Маңғыстау облысы Полиция департаментінің құрамасына бұйырды.
Республикалық додада чемпион атанған «ARLAN» спорт клубының сапында түркістандық тәртіп сақшысы Азиз Абзал Қайратұлы да бар. Ол ең тартысты өткен 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Бұл салмақта 32 мықты спортшы өзара бақ сынасып, нәтижесінде полиция аға лейтенанты А. Абзал жоғары дайындық пен кәсіби шеберлік танытып, жүлделі 3-орынды қанжығасына байлады.
Айта кету керек, бұл тәртіп сақшының алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін халықаралық аренада еліміздің көк туын талай мәрте желбіреткен халықаралық дәрежедегі кәсіби спортшы. Жауынгерлік самбодан Спорт шеберіне үміткер (КМС) және UNIFIGHTтан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы» атағы бар.
Оның Әлем чемпионаттарында бағындырған белестері де мақтан тұтарлық. Атап айтқанда
- 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен Әмбебап жекпе-жектен Әлем чемпионатында 65 келі салмақта алтыннан алқа тағып, 1-орын иеленді;
- 2022 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ұйымдастырылған Әлем чемпионатында 65 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер (2-орын) атанды;
- 2023 жылы Грузияда өткен дүниежүзілік додада бағын сынап, 70 келі салмақта тағы да 2-орынға табан тіреді;
- 2024 жылы Түркияның Анталия қаласында ұйымдастырылған Әлем чемпионатында 65 келі салмақта қарсыластарын шаң қаптырып, жеңіс тұғырының 1-сатысынан көрінді;
- 2025 жылы Өзбекстанның Хорезм қаласында өткен Әлем чемпионатында 65 келі салмақ бойынша кезекті мәрте Әлем чемпионы (1-орын) атағын қорғап қалды.
Қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, спортта да зор жетістіктерге жетіп жүрген полиция аға лейтенанты Азиз Қайратұлын Түркістан облысы ПД басшылығы мен жеке құрамы кезекті жүлдесімен құттықтап, қызметте және алдағы халықаралық жарыстарда жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіреді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

