Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған бұл грантқа 150-ден астам өтінім келіп түскен. Нәтижесінде комиссия шешімімен 6 бағыт бойынша 13 ерекше жоба ұсынған талантты жастарға 1 000 000 теңгеден үлестірілді. Атап айтқанда, грант иегерлері ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік салалары бойынша марапатталды.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері рухы мен ойы еркін жастардың тұтас буыны өсті. Отанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан Тәуелсіздік балаларының толқыны өсуде. Президенттің тапсырмасымен осы гранттар жас қазақстандықтарды қолдау мақсатында жүзеге асырылып келеді. Бұл олардың тың идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров
Жобаның басты мақсаты – жастардың белсенді әрі шығармашыл қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау, сондай-ақ жастардың қоғамдық маңызды шараларға қатысуы арқылы Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін дамыту дейді ұйымдастырушылар.
«Бұл жобаның басталғанын әлеуметтік желілерден көріп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Комиссия шешімінен кейін ұйымдастырушылар “жеңімпаз атандыңыз” — деп, хабарласқанда қатты қуандым. Алдағы уақытта жобаны жастарға және қоғамға пайдасын тигізу үшін барынша сапалы жасауға тырысамыз», — деді бизнес бағыты бойынша грант иесі Нүсіпбаева Жұлдыз.
Салтанатты шараға қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және белсенді қала жастары қатысты. Марапаттау рәсімінен кейін қонақтар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.