Кешкі сағат жеті. Универдегі соңғы пара бітіп, жұрттың бәрі шаршап үйіне не жатақханаға қайтып жатыр. Біреуі автобуста кептелісте тұрса, енді бірі «ертеңгі СӨЖ-ді қалай жабамын» деп басы қатып жүр. Бірақ дәл осы уақытта бір топ студент керісінше, үлкен спорт сөмкелерін арқалап, қаланың әр бұрышындағы спортзалдарға қарай асығады. Бұл — Алматыдағы қазіргі жастардың басты тренді. Бұрын жігіттер тек футболға жиналса, қазір қыз-жігіт болып волейбол ойнау нағыз сәнге айналды.
Бәрі қайдан басталды?
Мойындау керек, көпшілігіміз волейболға мектептегі дене шынықтыру сабағынан емес, TikTok-тағы әдемі видеолар мен «Haikyuu» анимесін көрген соң қызыға бастадық. Оның үстіне, волейбол — өте «таза» әрі қызық ойын. Футболдағыдай біреу аяғыңнан шалып құлатады деп қорықпайсың, қыздар да, жігіттер де бір алаңда тең дәрежеде ойнай алады. Тіпті бойың аласа болса да, ептілігің мен жылдамдығың болса, кез келген соққыны қайтарып, команданың жұлдызына айналуға болады.
Стипендияға тимейтін хобби
Студенттің қалтасы қалың емес екені белгілі, әсіресе айдың аяғында стипендия таусылған кезде әр теңге есептеулі. Бірақ волейбол үшін қымбат форма керек емес: ыңғайлы кроссовка, қарапайым футболка мен тізеқап болса жеткілікті.
Алматыда қазір сағаттап жалға беретін мектеп залдары мен спорт кешендері өте көп. Бір топта 12-14 адам жиналсаң, екі сағаттық залдың ақшасын бөлгенде әр адамға небәрі 1000–1500 теңгеден ғана келеді. Бір шыны кофенің не бір донердің ақшасына екі сағат бойы терлеп, миыңды тынықтырып қайтасың. Кейбір университеттердің өз залдарында кешкі үйірмелер тіпті тегін жұмыс істейді.
“Допты қуалап жүріп, академиялық қарыздар мен сессияның бар екенін де естен шығарып жібересің”
“Әр күн сайын сабақ қарап,конспект қайталаудан да жалығып,стресске де түсіп кетіпте жатасың.Кейде залға келіп,доп соғып,қыздармен уақыт өткізгенде жалығудің не екенін білмей,стресстенде айырыласың.Бұл жерде сені ешкім бөліп жармайды.Қалай оқисың,қалай жүретініңе қарамайды.Себебі,бұл-жерде бәріміз бір отбасыдаймыз”,- дейді 1-курс студенті Жантұрғанқызы Диляра
Алаңдағы атмосфера мен жаңа орта
Кешкі ойындарда ешкім Олимпиада чемпионы боламын деп жанын салып, біреуді ренжітпейді. Бастысы — қозғалыс, эмоция мен жақсы көңіл-күй. Біреу допты қабылдай алмай, еденге сырғанап құлап жатса, бәрі жабылып күледі, ал әдемі «блок» қойсаң немесе «эйс» жасасаң, бүкіл зал шулап қол соғады.
Тағы бір үлкен плюсі — бұл нағыз нетворкинг, яғни жаңа достар табу алаңы. Бір залда ҚазҰУ-дың болашақ журналисі, Политехтің инженері және Медицина университетінің студенті бір командада ойнап жүре береді. Ойын біткен соң бәрі бірге дүкенге кіріп сусын алып, келесі ойынның уақытын белгілеп, әңгімелесіп тарқасады. Көптеген студенттер басқа қаладан келгенде дәл осы волейбол залдарынан өз ортасын тауып жатыр.
Қысқасы, Алматыда студент болып жүріп, ішің пысса — жатақханада телефоныңды шұқылап жата берме. Инстаграмнан немесе Телеграмнан «волейбол Алматы» деп іздесең, күн сайын ойыншы іздеп жатқан топтар толып жүр. Тіпті бұрын мүлде ойнап көрмесең де, «новичоктарға» арналған бөлек топтар бар. Керегі — тек ниет пен бір жұп кроссовка!
Женисова Рабиа 121- топ
ФММК “Журналистика”

