Ракишева Айман Ғалымжанқызы: 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы

Қонаев қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат · №2 бірмандаттық сайлау округі · «Әділет» партиясы

ҚАДІРЛІ ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Қоғам денсаулығы – ел болашағының негізі. Әрбір адамның сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, ана мен баланың денсаулығын қорғау, қарттар мен әлеуметтік осал топтарға қамқорлық көрсету – мен үшін маңызды басымдықтардың бірі.

Көп жылдық медициналық тәжірибемде адам денсаулығының, отбасы амандығының және сапалы медициналық көмектің қаншалықты маңызды екенін көріп келемін. Денсаулық сақтау саласында жинақтаған тәжірибемді Қонаев қаласының тұрғындарының игілігіне бағыттап, халықтың денсаулығын қорғау мен медициналық қызмет сапасын арттыруға үлес қосуды мақсат етемін.

Менің ұстанымым – әр тұрғынның мәселесіне бейжай қарамау, халықтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау және оларды шешу жолдарын іздестіру. Депутаттық өкілеттігім аясында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуге күш саламын.

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

Ашықтық, адалдық, әділдік және жауапкершілік. Халықпен тұрақты диалог орнату, әр аудан мен ауланың қажеттілігін ескеру, тұрғындардың заңды мүдделерін қорғау. Әрбір ұсынысқа құрметпен қарап, шешімін табуға ықпал ету.

Мен үшін халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтау жолында адал еңбек етуге дайынмын.

Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

«Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Мен, Ракишева Айман Ғалымжанқызы, 1970 жылғы 21 маусымда дүниеге келдім. 1995 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне иемін.

Еңбек жолымды 1995 жылы ғылыми қызметкер болып бастадым. Кейін акушер-гинеколог дәрігер, ана мен бала бөлімшелерінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. 2017 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қонаев қаласының қалалық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры қызметін атқарып келемін.

VIII шақырылымдағы Қонаев қалалық мәслихат депутаты ретінде қоғамдық қызмет атқардым.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап «Әділет» партиясының мүшесімін.

Мен үшін халықтың денсаулығын сақтау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысу маңызды.

Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласын дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға күш саламын.

Құрметпен, Айман Ракишева

2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

1. 2027 жылға Қонаев қалалық көпсалы ауруханасының балалар емханасы ғимаратына сапалы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету.

2. Ана мен бала денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау шараларын күшейтуге басымдық беремін.

3. Қала тұрғындарын профилактикалық тексерулермен және скринингтік бағдарламалармен қамтуды жақсартуды қолдаймын.

4. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстаймын.

Қуатты өңірлер – қуатты ел!

ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ҚАЛАНЫ АБАТТАНДЫРУ

1.Қонаев қаласында М.Әуезов көшесін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстарына ықпал ету.

2.Қаланың бес шағынауданын газдандыру жұмыстарын аяқтау жұмыстарын қадағалау.

3.2030 жылға дейін Қонаев қаласының көшелері мен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу, жол жамылғысының сапасын жақсарту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру жұмыстарына ықпал ету.

ИНЖЕНЕРЛІК ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

1.2030 жылға дейін Қонаев қаласының электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға, электр желілерінің тозуын азайтуға және жаңа қосалқы станцияларды салу жобаларының іске асуына ықпал ету.

2.Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су құбырлары мен кәріз жүйелерін жаңғырту және сарқынды суларды тазарту инфрақұрылымын дамыту бастамаларын қолдау.

3.Қонаев қаласының жылу желілерін жаңғыртуға және жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асуына ықпал ету.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

1.Полиция пунктінің әкімшілік ғимаратын салу.

2.2030 жылға дейін Қонаев қаласындағы жағажайларды абаттандыру, демалыс аймақтарының қолайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жүзеге асуына ықпал ету.

ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Қонаев қаласында 1 200 орындық жаңа орта мектеп салу жобасының іске асырылуына ықпал ету. Жаңа мектеп құрылысын 2030 жылға дейін жүзеге асыру.

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ

Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу жобасының жүзеге асырылуына және №2 Ш.Уәлиханов атындағы гимназияның күрделі жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтауға ықпал ету.

БАЛАЛАРДЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ

Қонаев қаласында 600 орындық, кітапханасы бар «Оқушылар сарайын салу» жобасының іске асырылуын қамтамасыз ету. Жобанын 2030 жылға дейін жүзеге асырылуын қадағалау.

ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру мақсатында тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсету. Бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін 2027 жылға қарай 30 шаршы метрге жеткізуге ықпал ету.

САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ПЕН ИНТЕРНЕТ

Қонаев қаласында Apple Store форматындағы цифрлық офис құру бастамасын іске асыруға ықпал ету.

Сіздердің пікірлеріңіз менің бағдарыма негіз!

Сенімдеріңізді адал еңбекпен ақтаймын!

Әр шешімім халықтың игілігі үшін!

(Кандидаттардың үгіт-насихат материалдары республикалық бюджеттен қаржыландырылды).

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke