Шаншарбаев Бауыржан Таңсәулеұлы: 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы

Қонаев қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат · №12 бірмандаттық сайлау округі

ҚАДІРЛІ ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Ал сол сенімді ақтау үшін тұрғындармен тұрақты байланыста болып, олардың талап-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерінің шешілуіне жүйелі түрде ықпал ету қажет.

Шеңгелді ауылдық округінің тұрғындары үшін шешімін күтетін мәселелер аз емес екенін жақсы түсінемін. Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, электр энергиясының тұрақтылығы, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, қоғамдық көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер.

Мен үшін ауыл тұрғындарының әрбір өтініші мен ұсынысы маңызды. Себебі, ауылдың дамуы ең алдымен сол жерде тұратын адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартудан басталады. Сондықтан көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар алдында қозғап, олардың шешілуіне ықпал ету және орындалу барысын бақылау басты міндеттерімнің бірі болып табылады.

Барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, жүйелі жұмыс, нақты жоспар, тұрақты кері байланыс және ортақ жауапкершілік арқылы ауылдың қордаланған мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге болады.

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

Халыққа адал қызмет ету, уәдеге беріктік, ашықтық пен жауапкершілік. Тұрғындардың пікірін құрметтеу, әрбір өтінішке бейжай қарамау және ауылдың дамуы жолында бірлесе жұмыс істеу. Мен үшін басты құндылық – халық сенімі мен нақты нәтиже!

Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

«Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Мен, Шаншарбаев Бауыржан Таңсәулеұлы, Балқаш ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Қонаев қаласында тұрамын.

2008 жылы Алматы аграрлық колледжін «Орман шаруашылығы технигі» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолымды ауыл шаруашылығы саласында бастап, 2009–2016 жылдары «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС-нің басшылық қызметтерін атқардым. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АӨК басқарушы директоры қызметін атқарып келемін.

Ауыл шаруашылығы саласында және өндірістік үдерістерді ұйымдастыру бағытында 16 жылдан астам еңбек тәжірибем бар. Осы уақыт ішінде өндірістік бөлімшелерді басқару, ауыл шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыру және өндіріс тиімділігін арттыру салаларында тәжірибе жинақтадым.

Қызметім барысында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға ерекше көңіл бөлемін. Сонымен қатар, ауыл мектептеріне демеушілік көмек көрсетіп, олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және өзекті мәселелерін шешуге қолдау білдіріп келемін.

Еңбек және қоғамдық қызметім барысында жауапкершілік, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеттерімді қалыптастырып, ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтадым.

Мен үшін ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту маңызды.

Басты мақсатым – жинақтаған тәжірибем мен білімімді ел игілігіне жұмсап, ауылдық аумақтардың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңіріміздің өркендеуіне өз үлесімді қосу.

Құрметпен, Бауыржан Таңсәулеұлы

2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ

1. 2030 жылға дейін Қонаев қаласына қарасты Сарыбұлақ ауылында жаңа мектептердің құрылысын жүзеге асыру арқылы балаларға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

2. Ақөзек ауылындағы №10 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқу ғимаратының жағдайын жақсарту және оқушыларға қауіпсіз, жайлы білім алу жағдайын жасау.

ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

1. Елді мекен тұрғындарын алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмекпен толыққанды қамтуға жағдай жасау.

2. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық нысандар үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді (ИКЖ) салу және аумақтарын абаттандыру жұмыстарын қамтамасыз ету.

3. 2030 жылға дейін Кербұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысын жүзеге асырып, тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру.

4. 2030 жылға дейін Сарыбұлақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын жүргізіп, ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ, КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

1. 2027–2030 жылдар аралығында Шеңгелді, Сарыбұлақ және Кербұлақ ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау және жаңа желілер салу арқылы тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету.

2. 2030 жылға дейін Сарыбұлақ ауылының №5 насос станциясына қосылған суару желілерін реконструкциялау арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сумен қамту жүйесін жақсарту.

ГАЗДАНДЫРУ

1. 2030 жылға дейін Сарыбұлақ ауылында газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүзеге асырып, тұрғын үйлерді табиғи газға қосуға мүмкіндік жасау.

2. Қосқұдық бекетін газдандыру желілерінің құрылысын жүргізіп, елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымын дамыту.

3. Ақөзек ауылында газбен жабдықтау желілерін салу арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және заманауи коммуналдық жағдай қалыптастыру.

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ

2030 жылға дейін Кербұлақ ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысын жүзеге асырып, ауыл тұрғындарының мәдени демалысына, шығармашылық дамуына және қоғамдық іс-шаралар өткізуіне қолайлы жағдай жасау.

ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру аясын кеңейтуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу. Қала тұрғындары үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға қол жеткізу.

ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру мақсатында тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсету. Бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін 2027 жылға қарай 30 шаршы метрге жеткізуге ықпал ету.

ТАЗА ӘРІ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛДАР

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында бөлімінің маңы мен көшелерін абаттандыруға, қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жақсартуға, елді мекендерді көгалдандыруға және жайлы қоғамдық кеңістіктер құруға қол жеткізу.

Әр шешімім – халықтың игілігі үшін!

(Кандидаттардың үгіт-насихат материалдары республикалық бюджеттен қаржыландырылды).

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke