Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуда

Алматы облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және қызмет сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданаралық орталық ауруханасының күрделі жөндеуі аяқталып, ангиограф аппараты орнатылды және облыстық перинаталдық орталық ашылды.

Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Райымбек ауданының Нарынқол ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ Тескенсу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды.

Кадр тапшылығын азайту бағытында да нақты шаралар қабылдануда. Биыл жергілікті бюджет есебінен білім алған 65 резидент аудандық медициналық ұйымдарға жұмысқа жіберілді. Тағы 40 маман резидентураға қабылданды. Бұдан бөлек, 40 жас дәрігерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы тағайындалды.

Аурулардың алдын алу және ерте анықтау жұмыстары аясында 2026 жылы скринингтік тексерулермен 766,3 мың тұрғын қамтылды. Нәтижесінде 26 мың адамнан түрлі аурулар анықталып, 16,5 мың пациент диспансерлік есепке алынды.

Сонымен қатар мобильді медициналық топ жыл басынан бері 2 501 пациентті қарап, 6 операция жасады.

Басты мақсат – әрбір тұрғынға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасының айырмашылығын азайту.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke