Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті академиялық білім беруді, рухани-адамгершілік тәрбиені және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды ұштастыра отырып, болашақ мамандарды даярлауда кешенді тәсілді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы бағыттағы жұмыстың жарқын көріністерінің бірі – университет өкілдерінің «ҮМІТ» V республикалық студенттік театрлар фестиваліне қатысуы.
2026 жылдың 19–21 қараша аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Тұрысбек Рысбек Берікұлы университет студенттерімен бірге Астана қаласында өткен фестивальге қатысты.
Іс-шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығы мен «Шаңырақ» халық театрының 15 жылдығына орай ұйымдастырылып, еліміздің жоғары оқу орындары студенттерінің шығармашылық байланысын нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – сахна өнері арқылы «Адал азамат» идеологиясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау. Жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, заңға құрметпен қарауына, әділеттілік сезімін қалыптастыруға, адал еңбек пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда театр өнері жастарға құқықтық білім беру мен рухани-адамгершілік тәрбие берудің тиімді құралдарының бірі ретінде ерекше маңызға ие. Көркем бейнелер, сахналық қойылымдар және әлеуметтік мәселелерді шығармашылық тұрғыдан зерделеу арқылы студенттер құқықтық және адамгершілік нормалардың мәнін терең түсінуге, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуге және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті үшін мұндай іс-шараларға қатысудың маңызы зор. Жоғары білікті заңгерлерді даярлау кәсіби білім мен құзыреттерді меңгерумен қатар, жоғары құқықтық сана, кәсіби әдеп, әлеуметтік жауапкершілік, заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастыруды көздейді.
Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы білім беру мен тәрбие жұмысын өзара ұштастыруға ерекше көңіл бөліп, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді.
ҚазҰУ өкілдерінің «ҮМІТ» республикалық фестиваліне қатысуы жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, мәдени диалогті кеңейтуге және студенттік бастамалардың ортақ кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастардың жан-жақты дамуына, Әділетті Қазақстанды құруға лайықты үлес қоса алатын білімді, шығармашыл және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда.
Білім, құқық, мәдениет пен өнерді ұштастыра отырып, университет заңдылықты, адалдықты және азаматтық жауапкершілікті басты өмірлік құндылықтар ретінде ұстанатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруда.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылары:
Тұрысбек Р.Б., Дүзбаева С.Б., Избасова А.Б., Худайбергенов Ж.Т., Әлімғазы Г.С.

