19 қаңтарда Алматыдағы «Art of Her» көркем басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Рус Бикетов жеке пикетке шықты. Ол Qaznews24 сатиралық басылымының авторы Темірлан Еңсебектің қамауға алынуына қарсылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Менің елім ауырып жатыр. Қатты. Ұзақ уақыт. 19 қаңтарда Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жанындағы Панфилов көшесінде жеке пикетке шығамын,» — деп жазды ол Instagram парақшасында.
Рус Бикетов қолындағы плакатпен бес минут бойы тұрды. Кейін оны полиция байқап, жиналған журналистердің наразылығына қарамастан, күштеп полиция көлігіне отырғызды.
The Village Kazakhstan басылымының мәліметінше, Бикетов Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Бірақ полиция басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен Qaznews24 парақшасының авторына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Темірлан Еңсебек екі айға қамауға алынған.