2 C
Алматы
Среда, 12 марта, 2025

Қонаевта 42 ірі инвестициялық жоба іске асуда

Қонаев қаласы экономикалық серпіліс кезеңінде тұр. Қаланың инвестициялық тартымдылығы артып, түрлі салада бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда қалада 42 ауқымды инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл туралы Қонаев қаласында өткен пресс-турда қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайрат Умаров мәлімдеді.

«Былтыр негізгі капиталға 103,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда Қонаевтың инвестициялық портфелінде 42 жоба бар. Бүгінде төрт ауқымды жобаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олар – мейрамхана кешені, “Оспанова Девелопмент” компаниясының балық зауыты, “ASP Arena” және жеміс-жидектерді өңдеу зауыты», – деді бөлім басшысы.

Қонаев қаласында балық өсіру және өңдеу саласындағы ең ірі жобалардың бірі – «Оспанова Девелопмент» ЖШС-ға тиесілі баррамунди өсіру кешені бой көтерді. Зауыттың құрылысы 2021 жылы басталған, ал 2023 жылдың қазан айында алғашқы балық шабақтары суға жіберілді. Кешен жылына 10 000 тонна балық өсіруге қауқарлы.

«Біздің кәсіпорын – “Оспанова Девелопмент” ЖШС – 2023 жылы баррамунди өсіруге арналған кешеннің құрылысын аяқтады. Бұл кешен жылына 1000 тонна өнім өндіруге есептелген. Болашақта осындай 10 кешен салу жоспарланған, қазіргі уақытта біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеуі үшін мемлекеттік субсидиялау қажет. Бұл бізге ішкі нарықты ғана емес, сондай-ақ экспортты да дамытуға мүмкіндік береді. Өнімді ішкі және сыртқы нарықтар арасында бөлу мәселесі менеджерлеріміздің қарауында», – деді “Оспанова Девелопмент” ЖШС өндіріс бөлімінің директоры Александр Попов.

Кешеннің жалпы аумағы 35 гектарды құрайды. Ол технологиялық, әкімшілік-тұрмыстық және инженерлік-техникалық блоктардан тұрады. Мұнда бассейндер, сүзгі қондырғылары, инкубациялық резервуарлар, артемия мен коловраттар орналасқан.

«Қазіргі таңда кәсіпорында шамамен 120 қызметкер жұмыс істейді. Балықты мұздату және бөлшектеу желісі толығымен дайын. Оны іске қосу үшін балықтың қажетті салмаққа жетуі күтілуде. Өндірісті кеңейту жоспары бойынша тағы он осындай кешеннің құрылысы қарастырылған. Қазіргі кешеннің екі жағында да жер тегістеліп, дайындалған. Жалпы өндірістік аумақ 35 гектарды құрайды. Бассейндердің жалпы су сыйымдылығы 14 000 текше метрге жетеді», – деп атап өтті Александр Попов.

Кәсіпорын Қазақстан мен ТМД елдеріне өнім жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта зауыт ауыз суды қала желісінен алады, бірақ болашақта өз ұңғымасын қазу жоспарда бар.

Қалада бұқаралық мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған «ASP Arena» кешені ерекше танымалдыққа ие болуда. Бұл орталықта 10-нан астам елден келген мыңдаған көрерменнің қатысуымен рок-фестиваль, жазғы және қысқы дрифт-шоулар өткізілген.

«Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мұз аренасы – оның аумағы шамамен 20 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда біз мұз үстінде дрифт-шоулар өткіземіз. Сондай-ақ, кәсіби пилоттарды аттестаттау, спорттық автомобильдер мен квадроциклдерді жалға беру, автосимуляторларда жүргізуді үйрету сияқты қызметтер ұсынылады. Қазіргі таңда бұл мұз айдыны ретінде жұмыс істеп тұр, ал жаз мезгілінде біз оны роликті сырғанаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, картинг аймағы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта бассейндердің құрылысы жүріп жатыр. Жазғы маусымға қарай бүкіл кешеннің ресми ашылуын жоспарлап отырмыз», – деді кешен басшысы Олег Воронков.

Жалпы ASP Arena кешені 64 гектарды алып жатыр. Инвестиция сомасы 8,1 млрд теңге, ал толық аяқталу мерзімі 2025 жыл. Жоба іске қосылғанда 482 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұнда қонақ үй, 500 орындық мейрамхана, 1000 шатырға арналған кемпинг, 3600 орындық трибуна және 15,4 мың шаршы метрлік іс-шаралар аренасы қарастырылған.

Сондай-ақ, кешенде автожүргізушілерге арналған академия, бассейндер мен 2000 көлікке арналған тұрақ бар. Мұнда кәсіби автоұшқыштарды аттестаттау, спорттық автомобильдер мен квадроциклдерді жалға беру, картинг қызметтері ұсынылады.

Қайрат Умаровтың айтуынша, қалада 10 жаңа жобаның сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, бірқатар кәсіпорындар жаңғыртылып, өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр.

«АЯМ» ЖШС жүгері таяқшаларын өндіретін зауытын кеңейтіп, қытырлақ нан шығаратын жаңа өндіріс орнын іске қосады. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, “Қапшағай бидай өнімдері” ЖШС элеваторды күрделі жөндеу, астық тиеу жүйесін салу, инженерлік желілерді ауыстыру, құрама жем зауыты мен қойма құрылысын жүргізеді», – деді Қайрат Умаров.

Қонаев қаласының даму қарқыны аймақтағы инвестициялық ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. Ірі өндіріс орындарының ашылуы мен жаңғыртылуы, жаңа туристік және спорттық нысандардың іске қосылуы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосуда. Қала әкімшілігінің қолдауы және инвесторлардың белсенділігі арқылы Қонаев алдағы жылдары қарқынды дамитын заманауи орталыққа айналуы мүмкін.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke