Жалпыреспубликалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Алматы облысы Талғар ауданында «Таза орта – саналы қоғам» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және азаматтарды табиғатты қорғауға тарту.
Акцияға 50-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында қоғамдық ұйым өкілдері, экологиялық еріктілер, мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар болды. Қатысушылар парк аумағын, орман алқаптарын, аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты.
Шара аясында қалдықтарды сұрыптау, екінші шикізатты қайта өңдеу және тұрақты тұтыну тақырыптарында оқыту сессиялары мен дәрістер өтті. Бұл сабақтар азаматтардың экологиялық санасын арттырып, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталды.
Жастар мен аға буынды тартуға ерекше көңіл бөлінді. Талғар ауданы аналар кеңесінің төрайымы Айтжамал Нұрбатырова: «Тазалық отбасынан басталады. Өйткені, өмірлік құндылықтар – еңбекке, табиғатқа және айналадағы адамдарға деген құрмет – ең алдымен отбасында қалыптасады. Осындай шаралар өскелең ұрпаққа туған жер мен табиғатқа деген жауапкершілікті үлгі етудің тиімді жолы», – деп атап өтті.
Нәтижесінде шамамен 4 тонна қоқыс жиналып, 10-нан астам техника жұмылдырылды. Осындай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.