24 C
Алматы
Суббота, 23 августа, 2025

Алматы облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту шеңберінде медициналық кадрларды тарту жұмыстары жалғасуда

Алматы облысы, 2025 жылғы 22 тамыз — «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы өңірге медициналық кадрларды тарту және оларды тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.

Облыс әкімдігі тарапынан ауылдық елдімекендерге және аудандық маңызы бар қалаларға келген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. 96 дәрігер мен 99 орта медицина қызметкеріне жалпы сомасы 67,3 млн теңге көлемінде көтермелеу төлемі берілді. Сонымен қатар, аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек қарастырылған.
қарастырылған.

“Бүгінде Алматы облысы бойынша 76 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін біз жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Оларға тұрғын үй алу үшін несие беру, жалдамалы пәтермен қамту, коммуналдық төлемдерді өтеу сияқты шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, резидентураға қабылданып жатқан жас мамандар саны жыл сайын артып келеді. Бұл – болашақта өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырудың маңызды қадамы,” — деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.

Басқарма басшысының айтуынша, кадр мәселесін шешуде медициналық оқу орындарымен байланыс күшейтіліп, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп отырады. 2024–2025 оқу жылында 70 резидент жергілікті бюджет есебінен білім алып жатыр. 2025 жылы 55 түлек оқуын аяқтап, өңірге қызметке кіріседі деп күтілуде.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын шетелдік мамандардың қатысуымен оқыту курстары ұйымдастырылып, жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінеді.

“Біздің мақсатымыз – әрбір ауыл тұрғынына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету. Бұл жолда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету басты басымдықтың бірі болып қала береді,” — деп түйіндеді Ержан Сүлейменов.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke