14 C
Алматы
Среда, 27 августа, 2025

Қонаевта су арнасы жаңғыртылуда: инвестициялық бағдарламаның орындалуы көрсетілді

Қонаев қаласында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін пресс-тур аясында «Қонаев Су Арнасы» ШЖҚ МКК-ның нысандары таныстырылды. Пресс-турға департамент басшысы Өтегенова Гүлмира Сейтбекқызы, қалалық мәслихат депутаттары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өкілдері, қала әкімдігінің баспасөз қызметі, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Атап айтқанда, «Нұрлы өлке» газетінің тілшісі де арнайы қатысып, нысандарды аралап, жағдайды көзбен көріп қайтты.

Бесжылдық бағдарлама – нақты нәтижелер

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Сейтбекқызы Өтегенова Қонаев су арнасына 2021–2026 жылдарға арналған бес жылдық инвестициялық бағдарлама бекітілгенін атап өтті. Соның ішінде 2024–2025 жылға жалпы құны 462 миллион теңге болатын жоспар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 270 миллион теңге – сумен жабдықтау желілеріне, ал қалған бөлігі – кәріз жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Бағдарлама аясында 3,6 шақырым су құбыры мен 3,5 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылды. Сонымен қатар кәсіпорынға жаңа арнайы техника, заманауи электрқозғалтқыш жиілік түрлендіргіштері және негізгі жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде кәсіпорындағы тозу деңгейі төмендеп, сумен жабдықтау бойынша апаттылық 1,2 пайызға, ал кәріз желілері бойынша 2,1 пайызға азайды.

«Инвестициялық бағдарлама тариф есебінен қайтарылады. Дегенмен, қазіргі таңда тұрғындарға қосымша ауыртпалық түспеуі үшін 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін тариф көтерілмейді. Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап мекеме жаңа бесжылдық кезеңге өтініш береді. Сонымен бірге, ұлттық жоба аясында қосымша 2 миллиард теңге көлемінде қаржы тарту мүмкіндігі бар», – деді Өтегенова.

Кәсіпорындағы жаңа технологиялар мен көліктердің маңызы

«Қонаев Су Арнасы» ШЖҚ МКК директоры Мәди Қырықбайұлы Темірәлиев те атқарылған жұмыстар жайлы баяндап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылдың 1 шілдесінен 2025 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңге арналған инвестициялық бағдарламаның көлемі 427 миллион теңге болып бекітілген. Оның ішінде 262 миллион теңге – су жүйесіне, 164 миллион теңге – кәріз жүйесіне бағытталса, нақты орындалуы 395 миллион теңгеге, яғни 92,6 пайызға жеткен.

Кәсіпорын соңғы уақытта бірнеше ірі жобаны жүзеге асырды. Соның бірі – Қапшағай су қоймасынан тартылатын суды залалсыздандыруға арналған электролиздік қондырғы. Бұл қондырғы тұз арқылы хлор шығарып, суды тиімді әрі қауіпсіз өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өндірістік шығынды азайту үшін насостарға арналған жиілік түрлендіргіштер орнатылды.

Қаладағы екінші шағынауданда су және кәріз құбырлары толық ауыстырылуда. Бұған дейін 60 жыл бойы жаңаланбаған ескі насостар жиі істен шығатын болса, қазір олардың орнына жаңа қондырғылар орнатылып жатыр.

Сонымен қатар кәсіпорынға жаңа автокөліктер алынды. Бұл көліктер тек әкімшілік мақсатта ғана емес, күнделікті өндірістік жұмыстарда маңызды рөл атқарады. Олар апатты жағдайларда дежурный көлік ретінде жедел бригадаларды шақырылған жерге жеткізеді, жұмысшыларды әртүрлі учаскелерге тасымалдайды. Сондай-ақ, абоненттік бөлім қызметкерлері халыққа қызмет көрсету үшін осы көліктерді пайдаланады: есептегіш құралдарды тексеру, құжаттар жеткізу, хабарламалар тарату сияқты жұмыстарды атқарады. Мұндай қолдау мекеменің жұмысын жеделдетіп қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.

Пресс-тур барысында «Нұрлы өлке» газетінің тілшісі кәсіпорынның күнделікті жұмысын өз көзімен көріп, атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесіне куә болды. Жаңғырту шараларының арқасында қала тұрғындары үшін су мен кәріз жүйесінің сапасы айтарлықтай жақсарған. Ең бастысы – тарифтің өспеуі халық үшін үлкен жеңілдік болып отыр.

Инвестициялық бағдарламаның жүйелі әрі толық орындалуы алдағы жылдары Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға зор ықпал етпек.

Аян ҚОНАРОВ

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke