“Ғылым — теңіз, білім — қайық” демекші ешқашан да білім алуды тоқтатпау қажет. Осы орайда қазіргі таңда QS Universities Rankings-те 166-орынды иеленіп 30 мыңнан астам студент білім алып жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы айтпасқа болмас. Қара шаңыраққа айналған Қазақ ұлттық университеті өзінің 91 жылдық қызметінде мыңдаған студенттерге білім беріп, білікті әрі білімді мамандар даярлаған. Университетте білім алушыларға қазіргі таңда барлық жағдайлар жасалған. ҚазҰУ қалашығында студенттер дамып, бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін жоғары технологиялық жобалар мен өнімдердің инновациялық дамуына арналған орталық алаң «Farabi HUB» қызмет етеді. Студенттер жан-жақты білімдерін шыңдау үшін Қазақ Ұлттық Университетінің кітапханасы бар. Сонымен қатар, студенттер студенттік шағын қызықты әрі танымды өткізу үшін 10 шақты ұйым құрылған.
Ағымдағы жылы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінің қызметіне 70 жыл толып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті – Қазақстанда құқықтық білім берудің ең беделді орталықтарының бірі, кәсіби құқықтанушылардың талай буынын тәрбиелеген ғылыми мектеп. Тарихы тереңге тартылған факультет бүгінде халықаралық стандарттарға сай білім беруді, инновациялық зерттеулерді және цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, құқық саласының дамуына барынша үлес қосып келеді.
Заң факультетінің «Құқық» және «Құқық қорғау қызметі» деп аталатын бакалаврға арналған екі білім беру бағдарламасының тобы бар. «Құқық» тобында «мемлекеттік қызмет», «кеден ісі», «қаржылық құқық», «құқықтану», «корпоративтік құқық» деп аталатын білім беру бағдарламаларына оқуға болады. Сонымен қатар университет магистранттар мен докторанттарды да дайындайды. Заң факультетінің магистратурасында «Сот-прокурорлық тергеу қызметі», «Мемлекеттік қызмет және әкімшілік қызмет», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс және превенция», «Еңбек құқығы, әлеуметтік-қамтамасыздандыру қатынастары», «Кеден ісі», «Теңіз және энергетикалық құқық», «Құқықтану», «Қаржы құқығы», «Сот сараптамасы», «Криминалистикалық сараптамалар», «Азаматтық құқық», «Құқық қорғау қызметі» бағыттарында білім беріледі. Университетте қос дипломдық білім беру бағдарламалары да қарастырылған. Осы орайда шетелге барып оқып келіп жатқан студенттер де жетерлік.
Университет студенттерге заман талабына сай білім алуларына да жағдайлар жасалған. Американдық «Coursera» курстарын тегін өтіп, сертификат алуға мүмкіндіктер де қарастырылған. Сонымен қатар жасанды интеллектті толық түсіну мақсатында студенттер «Huawei», «Lerna» курстарын өтіп, сертификат алуларына болады. «Құқықтану» білім беру бағдарламасының магистранттарына «Жаңа ақпараттық технологияларды құқықтық реттеу» атты элективті курс оқытылады. Осы орайда университетте көптеген жасанды интеллектке қатысты жобалар мен конференциялар өтеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті – инновация мен ғылымды ұштастырып, жоғары стандарттағы құқықтық білім беретін ұлттық деңгейдегі көшбасшы факультет. Мұнда студенттер тек кәсіби білім алып қана қоймай, жасанды интеллект дәуіріне бейімделген жаңа буын заңгерлері ретінде қалыптасады.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Заң факультетінің 2-курс магистранты
А.Қ. Серікбай
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен
тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының з.ғ.к., доценті Н.К. Мынбатырова

