Бүгінгі таңда Қазақстан жоғары білім беру саласында жаңа технологиялық серпілістің алдында тұр. Осындай маңызды кезеңде заң ғылымының болашақ мамандары цифрлық трансформацияға бейімделіп қана қоймай, оның ғылыми-тәжірибелік негізін қалыптастыруға да үлес қосуда. Соңғы жылдары жасанды интеллектті құқықтық реттеу мәселесі мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі болып қалыптасып, бұл саладағы жас ғалымдардың зерттеулері ерекше маңызға ие болуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті осы бағыттағы ғылыми мектептердің дамуына елеулі үлес қосып отырған жетекші орталықтардың бірі саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі беделді ғылыми-зерттеу орталығы ретінде цифрлық құқық, ақпараттық қауіпсіздік және зияткерлік меншік салаларын дамытуда белсенді жұмыс жүргізуде. Университет қабырғасында цифрлық технологияларға қатысты пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ғылыми инфрақұрылым, электрондық дерекқорлар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен сараптамалық алаңдар қалыптасқан. Соның айқын дәлелі ретінде Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының белсенді қызметін атап өтуге болады. Сонымен қатар «LG AI MediaLab» – нейрожелілерді медиа және коммуникация саласында қолдануға бағытталған еліміздегі алғашқы зертханалардың бірі. Бұл ғылыми орталықта ЖИ және Big Data кафедрасымен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен әртүрлі технологиялық шешімдер әзірленіп, кешенді зерттеулер жүргізілуде.
Елімізде жасанды интеллектті дамыту бойынша ұлттық деңгейде бірқатар бастамалар қабылданып жатыр. Мемлекеттік стратегияларда ЖИ-ды экономиканың негізгі секторларына енгізу, цифрлық басқаруды жетілдіру, технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және этикалық стандарттар қалыптастыру мәселелері басымдыққа ие. Осы саясат аясында жоғары оқу орындары жанынан жасанды интеллектке бағытталған ғылыми орталықтар құрылып, жаңа білім беру бағдарламалары ұсынылуда. Құқық саласындағы ғылыми зерттеулер де жасанды интеллектті құқықтық реттеудің жаңа үлгілерін қалыптастыруға негіз болып келеді.
Заң факультеті болашақ заңгерлердің заманауи технологияларды құқықтық тұрғыдан реттеу саласындағы құзыреттілігін арттыруға бағытталған жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізіп отыр. Бұл бағдарламалар жасанды интеллект, Big Data, деректерді қорғау және цифрлық экономика мәселелерін қамтитын құқықтық аспектілерді терең меңгеруге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың 17 қарашасында «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Аталмыш заң жасанды интеллект жүйелерін реттеудің негізін айқындап, олардың қызметіне қатысты құқықтар мен міндеттерді белгілейді. Осыған сәйкес ҚазҰУ Заң факультетінің студенттері мен магистранттары өздерінің ғылыми еңбектерін осы тақырыппен тығыз байланыстыра отырып зерттеуге бағыттап отыр.
Қазіргі құқық ғылымында ерекше орын алатын мәселелердің бірі ретінде өзімнің магистрлік диссертациямның тақырыбын «Жасанды интеллекттің құқықсубъектілігі: азаматтық-құқықтық мәселелері» деп таңдадым. Бүгінде жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі айтарлықтай артып, оның азаматтық-құқықтық мәртебесін айқындау Қазақстанның құқықтық ғылымы үшін стратегиялық маңызы бар зерттеу бағытына айналып отыр.
Магистрант ретінде өз жұмысымда төмендегі мәселелерді кешенді түрде қарастырудамын:
- жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде тану мүмкіндігі;
- ЖИ әрекеттері үшін жауапкершілік модельдері;
- интеллектуалдық жүйелердің азаматтық айналымдағы орны;
- халықаралық тәжірибелерді салыстырмалы талдау.
Студенттер мен магистранттар үшін ҚазҰУ – ғылыми ізденісті тәжірибемен ұштастырып, елдегі цифрлық реформаларға үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды орта. Жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесіне арналған ғылыми зерттеулер еліміздің жаңа құқықтық парадигмасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Н.К.Мынбатырова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Заң факультетінің, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты
А.К.Кисметова,
ҚазҰУ-нің, Заң факультетінің 2-курс магистранты

