spot_img

Бұл кез келген мемлекеттің өркениетті дамуының басты өлшемі деп есептеймін

Бүгінгі қоғамда талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы – еліміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжаттардың бірі. Дәрігер ретінде мен үшін ең басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы. Конституция жобасында адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын көрсетілуі – көңілге сенім ұялатады. Бұл кез келген мемлекеттің өркениетті дамуының басты өлшемі деп есептеймін.

Біз медицина саласында күн сайын адамның тағдырымен бетпе-бет келеміз. Әр науқастың өмірі – үлкен жауапкершілік. Сол себепті қоғамда әділдік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттарының берік орнығуы аса маңызды. Конституцияда осы құндылықтардың нақты бекітілуі мемлекетіміздің әлеуметтік бағыттағы дамуына жол ашады деп сенемін.

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сол сияқты қоғамдағы мәселелерді де жасырмай, ашық айтып, талқылап отыру қажет. Конституция жобасының халыққа ашық ұсынылып, әр азаматтың пікір айтуына мүмкіндік берілуі – дұрыс қадам. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенімнің белгісі.

Әрине, кез келген заңның қадірі оның орындалуында. Қағаз бетінде жазылған қағидалар нақты өмірде жүзеге асқанда ғана қоғамға пайда әкеледі. Сондықтан біз тек талқылаумен шектелмей, ел болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы шешім қабылдауымыз керек.

Менің ойымша, ел тағдырына қатысты мұндай маңызды мәселеде әр азамат бейжай қалмауы тиіс. Бірлік пен түсіністік болса, кез келген өзгерісті еңсеруге болады. Ең бастысы – мемлекетіміздің тұрақтылығы, халықтың амандығы және келер ұрпақтың жарқын болашағы.

дәрігер-кардиолог Әмребек Арман Дәулетбайұлы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke