spot_img

Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдағы бірлік

Елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы – әрбір азамат бейжай қарамайтын маңызды мәселе. Өйткені Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ол елдің ертеңгі бағытын айқындайтын, қоғамның қалай өмір сүретінін белгілейтін басты құжат. Сондықтан мұндай өзгерістерді әрқайсымыз ойланып, байыппен қабылдауымыз керек деп ойлаймын.

Мен кәсіпкерлік саласында жүрген адам ретінде қоғамдағы тұрақтылық пен заңның айқындығының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Қай елде заң жүйесі берік болса, сол жерде экономика да дамиды, халықтың тұрмысы да түзеледі. Себебі кез келген кәсіпкерге ең алдымен сенімді құқықтық орта қажет. Заң түсінікті, әділ әрі тұрақты болса, адамдар еңбек етуге де, кәсіп бастауға да батыл қадам жасайды.

Қазақ халқы ежелден «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділдікті жоғары қойған. Біздің ата-бабаларымыз да ел басқарғанда ең алдымен әділдік пен тәртіпті ту еткен. Бүгінгі заман басқа болғанымен, сол қағидаттардың мәні өзгерген жоқ. Сондықтан жаңа Конституцияда әділеттілік, заң үстемдігі, адам құқығы сияқты құндылықтардың нақты көрініс табуы – дұрыс бағыт деп есептеймін.

Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдағы бірлік. Біз бәріміз бір елдің азаматымыз, бір болашақты бөлісіп отырмыз. Қандай өзгеріс болса да, оның түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын жақсарту, елдің тұрақтылығын сақтау болуы тиіс. Тұрақтылық бар жерде ғана даму болады.

Меніңше, мұндай маңызды кезеңде әр азамат өз ойын ашық айтып, талқылауға қатысуы керек. Бұл – біздің елге деген жауапкершілігіміз. Өйткені бүгін қабылданатын шешімдер ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді.

Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген жақсы сөз бар. Сол себепті ел болып ақылдасып, байыппен шешім қабылдау – бәріміз үшін ең дұрыс жол. Ең бастысы – еліміздің тыныштығы, халқымыздың бірлігі мен болашағының берік болуы.

Төлегенов Қайрат, кәсіпкер

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke