Елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің болашағына қатысты маңызды қадамдардың бірі. Біз аға буын ретінде талай кезеңді бастан өткердік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын, елдің қалыптасу жолындағы қиындықтарды да көрдік. Сол уақыттан бері Қазақстан біртіндеп нығайып, өз жолын тапқан мемлекетке айналды. Сондықтан Ата Заңға қатысты кез келген өзгеріс – елдің ертеңіне тікелей әсер ететін үлкен мәселе.
Мен ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет атқардым. Ішкі істер органдарында еңбек еткен адам ретінде қоғамдағы тәртіп пен заңның маңызы қандай екенін жақсы білемін. Қоғамда заң үстемдігі орнап, әр азамат өзін қауіпсіз сезінген жерде ғана тұрақтылық болады. Ал тұрақтылық – мемлекеттің дамуының басты кепілі.
Қазақ халқы ежелден «Тәртіп бар жерде – береке бар» деп бекер айтпаған. Заңның әділ болуы, адамның құқығы мен абыройының қорғалуы – мемлекеттің мықтылығының белгісі. Сондықтан Конституцияда адам өмірі мен құқығы ең жоғары құндылық ретінде көрсетілуі – өте дұрыс бағыт деп есептеймін.
Сонымен бірге, біздің қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – бірлік пен татулық. Қазақ халқы сан түрлі сынақтан бірлігінің арқасында аман өтті. Бүгін де еліміздің болашағы сол ынтымақ пен түсіністікке байланысты. Қандай өзгеріс болса да, ол ең алдымен халықтың игілігі үшін жасалуы керек.
Жастарға қарап қуанамыз. Білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Сол жастар елін сүйетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азамат болып өссе екен дейміз. Өйткені елдің ертеңі – солардың қолында.
Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Сондықтан мұндай маңызды мәселеде әр азаматтың пікірі ескеріліп, бәрі елдің болашағын ойлап шешім қабылдауы керек. Ең бастысы – еліміздің тәуелсіздігі нығайып, халқымыздың бірлігі бекем болып, мемлекетіміздің іргесі берік болсын.
Алпысбаев Қалижан, Қонаев қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагері



