spot_img

Таза Қазақстан: Қонаевта 3000 ағаш егілді

Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық акция өтті. Іс-шара барысында С.Сейфуллин көшесі бойына 3000 жасыл желек егілді. Оның қатарында қарағай, көк терек секілді ағаш түрлері бар. Акцияның өтуіне 300-ден астам адам жұмылып, бір кісідей атсалысты.

Көгалдандыру науқанына қала әкімі Асхат Бердіханов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, мәслихат депутаттары, ҚХА өкілдері, әкімдік мамандары, ақсақалдар, еріктілер мен жастар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде ағаш егу акциялары басқа аудан, қалаларда жалғасатынын айтты.

«Былтыр облыста «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы іс-шараларға 849 мыңнан астам адам, 8800 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде 17 500 тонна қоқыс жиналып, 109 800 ағаш отырғызылды. Алдағы екі ай ішінде ағаш отырғызу акциясы барлық аудан, қалаларда өтеді», – деді Бақытнұр Бақытұлы.

Қала әкімі Асхат Бердіханов болса, биыл Қонаевта 20 мыңнан астам ағаш отырғызылатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Қаламызда көгалдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлінуде. Былтыр Қонаевта 30 мыңға жуық ағаш, 60 мыңнан астам гүл егілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады», – деді ол.

Әкімнің айтуынша, жақында қалаға кіреберіс тұста 7000 ағаш егіліп, саябақ пайда болады. Бұдан бөлек, «Көшпенділер қалашығының» аумағына 3000 ағаш егіледі. Жалпы жыл соңына дейін қаладағы жасыл желектердің саны 20 мыңға көбейеді деп күтілуде.

«Қала келбетін жақсарту бағытында талаптар да күшейтілді. Енді жаңа нысан салған әрбір құрылыс компаниясы оның аумағын міндетті түрде көгалдандыруы тиіс. Бұл бастама алдағы уақытта Қонаевты жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруға жол ашады», – деді Асхат Бердіханов.

Жастар да бұл игі істен шет қалмайтынын жеткізді.

«Жастар мұндай игі шараларда үнемі бой көрсетеді. Еліміздің, қаламыздың гүлденуіне үлес қосу – біз үшін мақтаныш. Алдағы уақытта Қонаевта сенбіліктер ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Оған да белсене қатысамыз», – деді «PARYZ ERIKTILERI» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

spot_img

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke