Алматы облысында «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының (@jastar_ruhy_almobl) және Қонаев қаласы әкімдігінің (@qonaev_akimdigi) ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті.
Тазалық жұмыстары Іле өзенінің бойындағы «Көшпенділер қаласы» мен «Таңбалы тас» шатқалы маңында жүргізілді. Акция барысында аумақ қоқыстан тазартылып қана қоймай, жартастарға жазылған бейберекет жазулар да өшірілді.
🔹Іс-шараға 150-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, жастар қанатының белсенділері, волонтерлер, полиция департаментінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындар бар. Бір күннің ішінде 9 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
💬 «Іле бойы – өңірдің табиғи ажарын айқындап тұрған, көпшілік жиі баратын ерекше мекен. Алайда демалушылар саны артқан сайын бұл аумақта қоқыс көлемі де көбейіп, жартастарға ретсіз жазу қалдыру секілді келеңсіз әрекеттер белең алып отыр. Өткен жылы осы аумақта жүргізілген тазалық жұмыстары кезінде 30 тоннадан астам қоқыс шығарылған болатын. Биыл да мәселенің әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл акцияның басты мәні аумақты тазартумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – елдің санасына тазалық мәдениетін сіңіріп, туған жерге деген жауапкершілікті күшейту», – деді облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров.
🔸Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Әділет Айтқазының айтуынша, өзен жағасында пластик, шыны, тұрмыстық қалдықтар көптеп жиналған. Ал шатқалдағы жартастарда туристер қалдырған жазулар табиғи және тарихи кеңістіктің келбетін бұзып тұр.
Ұйымдастырушылар туристік аймақтарда санитарлық инфрақұрылымды күшейту, контейнерлер санын көбейту және бақылауды қатаңдату қажет екенін айтты.

