Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында біліктілікті арттыруға бағытталған маңызды білім беру жобасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты жүзеге асырылды. Университеттің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы бірлесіп өткізген «Жаңа технологиялар мен құқықтық реформалар: жасанды интеллект, цифрландыру, заң үстемдігі» атты курс 2026 жылдың 16–31 наурызы аралығында өтті.
Аталған бағдарлама қазіргі құқық саласындағы өзекті мәселелерді қамтып, қатысушыларға заманауи білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Курстың негізгі мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының кәсіби құзыреттілігін арттыру, құқықтық реформалар аясындағы жаңашыл үрдістерді меңгерту және цифрлық технологиялардың құқық жүйесіне ықпалын терең түсіндіру болды. Әсіресе жасанды интеллекттің құқық саласындағы рөлі, цифрландыру үдерістерінің құқық қолдану практикасына әсері, сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері кеңінен талқыланды.
Бағдарлама аясында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, теориялық білімдерін тәжірибелік кейстер арқылы толықтырды. Заманауи оқыту әдістері, интерактивті форматтағы дәрістер мен пікірталастар курс мазмұнын терең игеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде тыңдаушылар құқық саласындағы соңғы реформалар мен инновациялық бағыттар бойынша білімдерін жетілдіріп, кәсіби деңгейлерін арттырды.
Курс соңында барлық қатысушыларға 80 академиялық сағат көлемінде біліктілікті арттыру сертификаттары табысталды. Бұл – олардың оқу бағдарламасын толық меңгергенін және кәсіби дамуға бағытталған маңызды қадам жасағанын көрсетеді.
Оқу процесінің жоғары сапада, ғылыми-әдістемелік талаптарға сай ұйымдастырылуына кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Куаналиева жетекшілік етті. Оның кәсіби біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті және білім беру ісіне деген жауапкершілігі ерекше атап өтіліп, арнайы алғыс хатпен марапатталды. Бұл – аталған жобаның табысты жүзеге асуына қосқан елеулі үлесінің айқын дәлелі.
Жалпы алғанда, бұл білім беру курсы қатысушылардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, құқық саласындағы заманауи үрдістерді терең меңгеруге мүмкіндік жасады. Осындай бастамалар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-нің білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетін нығайтуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық мақсаттарының жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Куаналиева Г.А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор
Рашева Г. К.
Кеден, қаржы және
экологиялық құқық кафедрасының доценті м.а., PhD доктор

