Педагогтерді аттестаттау жүйесі жаңарып, тестілеу талабы тоқтатылады

Елімізде педагогтерді аттестаттау жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

Министрлік мәліметінше, жаңа аттестаттау жүйесі педагогтің нақты жұмыс нәтижелеріне негізделеді. Бағалау үдерісі барынша түсінікті әрі объективті форматқа көшіріледі. Ең басты өзгерістің бірі – педагогтердің білімін бағалау тестінің толықтай тоқтатылуы.

Дегенмен тестілеу барлық санаттағы педагогтер үшін бірдей алынып тасталмайды. Педагогикалық мамандық бойынша оқу орнын енді аяқтаған жас мамандар, педагогикалық қызметін үзіп, қайта жұмысқа орналасуға ниетті азаматтар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары және әдістемелік орталықтардың әдіскерлері үшін педагогтердің білімін бағалау (ПББ) тесті сақталады.

Ал мектепте кемінде екі жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың кәсіби деңгейі жаңа қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелер арқылы бағаланады. Атап айтқанда, мұғалімнің портфолиосындағы жетістіктері, оқушыларының білім көрсеткіші және оқу-тәрбие жұмысын жүргізу деңгейі негізгі өлшем болмақ.

Сонымен қатар барлық деңгейдегі педагогтер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарды ұсыну талабы да алынып тасталады. Бұл да ұстаздарға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған қадам ретінде қарастырылады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап толық енгізіледі. Осыған байланысты жүйеге біртіндеп көшу үшін өтпелі кезең қарастырылған. Мәселен, педагогтердің біліктілік санаттары мен тиісті үстемақылары сақталады. Ал ПББ-дан қажетті шекті балл жинай алмаған мұғалімдердің аттестаттауы 2026–2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа қағидаларға сәйкес тестілеусіз жүргізіледі.

Сондай-ақ бұған дейін тестілеуді қайта тапсыру үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылады. Ендігі жерде ПББ тапсыру аттестаттаудан өтудің міндетті шарты болып саналмайды.

Бұл өзгерістерге қатысты педагогтер пікірі де назар аудартады. Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы №4 мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Фарида Қуанышбайқызы Төлепованың айтуынша, соңғы жылдары мұғалімдердің негізгі уақыты оқу процесінен гөрі түрлі есеп пен құжат рәсімдеуге көбірек жұмсалып кеткен.

– Қағазбастылыққа тым көп көңіл бөлініп кетті. Негізінде біз басты назарды оқушыларға аударуымыз керек. Білім сапасы, ең алдымен, мұғалім мен оқушы арасындағы тікелей жұмысқа байланысты. Алайда түрлі есеп, жоспар мен құжаттар сол уақытты алып қояды, – дейді ол.

Оның сөзінше, авторлық бағдарламалар әзірлеу де педагогтерге қосымша жүктеме болған.

– Авторлық бағдарлама жазу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Қазір ондай бағдарламалар әр мұғалімде бар деуге болады. Менің өзім де кезінде әзірлеп, тиісті талаптарға сай өткізіп шыққанмын. Дегенмен мұның бәрі мұғалімнің негізгі жұмысынан уақыт алады, – дейді маман.

Сонымен қатар тестілеу жүйесі де ұстаздарға айтарлықтай салмақ түсірген.

– Мұғалімдер өздері тестке дайындала ма, әлде оқушыларды жарыстар мен емтихандарға дайындай ма деген сұрақ туындайды. Екеуін қатар алып жүру оңай емес. Бұл – көп уақыт пен күшті қажет ететін үдеріс, – дейді ол.

Сондықтан Фарида Қуанышбайқызы енгізіліп жатқан өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.

– Педагогтердің жанайқайына құлақ асып, осындай шешім қабылданғанына қуаныштымын. Бұл мұғалімдердің негізгі міндетіне – білім беруге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді ол.

Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидалары әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп, мұғалімдердің қызметін бағалау талаптары соған сәйкес өзгермек.

Назерке Инақынқызы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke