Қонаев қаласында жазғы туристік маусымға дайындық қарқын алды. Шаһарда жағажай инфрақұрылымын жаңғырту, демалушыларға қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл үрдіс қаланың қарқынды дамып, туристер үшін тартымды орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Осыған орай қала әкімі Асхат Бердіханов №4 жағажай аумағында болып, нысанның алдағы шомылу маусымына дайындығын тексерді.
Тексеру барысында жағажай аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысы нақтыланды. Қазіргі уақытта демалушыларға арналған тапшандар ретке келтіріліп, нысандар жөнделіп, аумақ көгалдандырылуда, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жауапты мамандар туристік маусым басталғанға дейін барлық жұмыстар толық аяқталатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар қала басшысы жағажайдағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Ол бейнебақылау камераларын орнату, құтқару бекеттерін орналастыру және жағажайды қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұдан бөлек, санитарлық тораптар мен қоғамдық тамақтану орындарының тұрақты жұмыс істеуі тиіс екені ескертілді.
Әкімдіктің мәліметінше, №4 жағажай коммуналдық нысан ретінде сақталады және жаяу келушілер үшін тегін болады. Бұл тұрғындардың жазғы демалысын қолжетімді етуге бағытталған.
Жағажайдағы ағымдағы жұмыстармен қатар, аумақты дамытуға бағытталған инвестициялық жоба да қарастырылып отыр. Инвестордың айтуынша, шомылу маусымы аяқталғаннан кейін бұл жерде төрт қабатты қонақүй салу жоспарланған. Аталған жоба іске асқан жағдайда Қонаев қаласының туристік инфрақұрылымы кеңейіп, демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасы арта түспек.
Жалпы, қалада туризм саласын дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы ретте Асхат Бердіханов 8–10-шағынаудандар бойынша жобалар ұсынған инвесторлармен де кездесу өткізді. Онда ұсынылған бастамалар талқыланып, қаланың алдағы даму бағыттары айқындалды.
Қазіргі таңда №4 жағажайда жүргізіліп жатқан жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталып, нысан жазғы маусымда демалушыларды қабылдауға дайын болады деп жоспарланып отыр. Қала әкімдігі тарапынан дайындық барысы бақылауда.
Ерлік Кебекбай

