Қазіргі таңда өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер көптеген зиянды факторларға ұшырайды. Солардың бірі — өндірістік шаң. Бұл физикалық және химиялық құрамы әртүрлі микробөлшектер адам ағзасына тыныс алу жолдары арқылы еніп, әртүрлі аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін.
Өндірістік шаң, негізінен, өндіріс саласына байланысты бірнеше түрге бөлінеді:
•Металл шаңы (темір, алюминий, мыс және т.б.),
•Органикалық шаң (ағаш, мақта, дән, тері қалдықтары),
•Минералды шаң (цемент, асбест, кремний диоксиді),
•Химиялық шаң (қышқылдар, сілтілер, улы қосылыстар).
Бұл бөлшектердің өлшемі 10 микроннан кіші болса, олар өкпенің терең қабаттарына дейін ене алады. Бұл ұзақ мерзімді әсер ететін қауіпті фактор болып табылады.
Шаңның ағзаға тигізетін әсері көптеген факторларға байланысты: шаңның химиялық құрамы, бөлшектердің өлшемі, концентрациясы және экспозиция ұзақтығы. Ең жиі кездесетін зиянды әсерлер мыналар:
1.Тыныс алу жүйесіне әсері:
•Бронхит, бронхиалды астма,
•Өкпенің фиброзы (әсіресе кремний шаңында — силикоз),
•Асбестоз (асбестпен ұзақ жұмыс істеу нәтижесінде),
•Созылмалы өкпе обструкциясы.
2.Тері және көз аурулары:
•Дерматиттер, экзема
•Конъюнктивит, көздің тітіркенуі,
3.Жүйке жүйесіне әсері.
Кейбір ауыр металдармен (мысалы, қорғасын, сынап) ұзақ уақыт әсер ету жүйке жүйесінің бұзылыстарына әкелуі мүмкін:
•Бас ауруы,
•Есте сақтау қабілетінің төмендеуі,
•Ұйқысыздық, тітіркенгіштік.
Жұмыс орнында өндірістік шаңның зиянды әсерін азайту үшін келесі алдын алу шаралары жүргізілуі қажет:
•Желдету және шаң сору жүйелерін орнату,
•Жеке қорғаныс құралдарын (респиратор, көзілдірік, арнайы киім) қолдану,
•Медициналық тексерулерді жүйелі түрде өткізу,
•Жұмыс орындарын санитарлық-гигиеналық талаптарға сай ұстау,
•Технологиялық процестерді автоматтандыру.
Өндірістік шаң – жұмысшылар денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін фактор. Оның алдын алу және бақылау шараларын уақтылы жүргізу арқылы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Денсаулық – ең басты байлық, сондықтан жұмыс орнында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау — әрбір кәсіпорынның басты міндеті.
Н.Медетов
«Қонаев қаласының СЭББ» РММ-нің басшысы

