Іле жағасында жаңа экопарк іргесі қаланды

Қонаев қаласында қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Іле өзенінің жағасындағы «Көшпенділер» қалашығында жаңа экопарктің іргесі қаланды. Бұл жолы табиғаты көркем аймақта 500 түп акация ағашы отырғызылып, аумақ кең көлемде қоқыстан тазартылды.

Жалпы облыстық сенбілікке облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жеке ұйымдар мен діни бірлестіктердің өкілдері, жастар мен еріктілер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. «Көшпенділер» қалашығындағы шараға 300-ге жуық адам жиналып, өзен маңын тазалау мен ағаш отырғызу жұмыстарына белсене атсалысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өз сөзінде Іле жағасындағы бұл аумақтың келешекте өңірдегі маңызды туристік нысандардың біріне айналатынын атап өтті. Оның айтуынша, табиғаты ерекше бұл жерде демалушыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін экопарк салу – уақыт талабынан туындаған бастама. Мұндай жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға да ықпал етеді.

Шара барысында егілген ағаш түрінің де өзіндік мәні бар. Таңдап алынған акация – құрғақшылыққа төзімді, климаттық өзгерістерге бейімделгіш, қалалық ортадағы ластануға шыдамды ағаш. Тамыр жүйесінің терең болуы оның құнарсыз топырақта да өсіп, жерді азотпен байытуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа экопарктің жасыл желегі ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылыққа қызмет етпек.

Жоспарға сәйкес, экопарк аумағы алдағы уақытта 4 гектарға дейін кеңейтіліп, мұнда 3000-ға жуық ағаш отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары салынып, демалыс орындары абаттандырылады. Бұл жоба Іле өзенінің жағасын тек көрікті аймаққа айналдырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде «Көшпенділер» қалашығы Қонаевтың көрікті орындарының біріне айналып үлгерді. Мұнда келушілер үшін тамақтану орындары, санитарлық тораптар, медициналық және полиция пункттері, ойын-сауық аймақтары қарастырылған. Жол инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен дамып келеді. Жаңа экопарктің салынуы бұл аумақтың әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні анық.

Шараға қатысқан тұрғындардың бірі Ермек Нәшірбеков мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қонаевта абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары көзге көрінерлік деңгейде күшейген. «Бұрын бұл аумақ бос жатқандай әсер қалдыратын. Қазір қарасаңыз, біртіндеп өзгеріп келеді. Осындай акцияларға қатысу арқылы біз тек ағаш отырғызып қана қоймай, өз қаламызға деген жауапкершілікті де сезінеміз. Балаларымызға да табиғатты қорғаудың маңызын көрсетеміз», – деді ол.

Сенбілік барысында экологиялық жауапкершілік мәселесі де кеңінен қозғалды. Қонаев қаласындағы Абай мешітінің наиб имамы Хожанепес Сейітұлы табиғатты қорғау – адамзаттың ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғатқа жанашырлықпен қарау, ағаш отырғызу – келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.

Осы күні «Алматы – Өскемен» автожолының бойында да тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, 80-ге жуық адам 500 келіге жуық қоқыс жинады. Бұл «Таза Қазақстан» акциясының қала аумағында кешенді түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, көгалдандыру маусымыбасталғалы Қонаевта 4000-ға жуық ағаш отырғызылды. Бұған дейін «Барыс» экопаркінде 250 түп ағаш егілген болатын. Ал облыс көлемінде өткен сенбілікке 32 мыңға жуық адам қатысып, 225 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 264 тонна қоқыс шығарылып, 17 800 түп ағаш отырғызылған.

​​​​​​​​​Аян Қонаров​​​​​

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke