2026 жылғы 20–24 сәуір аралығында Алматы облысында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-сапардың негізгі мақсаты – халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру, діни экстремизмнің алдын алу және дін саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіру болды. Сонымен қатар қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу көзделді.
Бес күнге созылған іс-шаралар барысында облыс көлемінде әртүрлі форматта 20 кездесу ұйымдастырылып, 400-ден астам адам қамтылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тәжірибелі сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы Болат Шаймолданұлы Шоманов, Абай облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Ерланұлы Өмірханов, әлеуметтану ғылымдарының магистрі, дінтанушы Тұрсынғали Төреғалиұлы Әліп және дінтанушы, мәдениеттанушы Елнар Ғалымжанұлы Берикбаев өз тәжірибелерімен бөлісті.
Түсіндіру тобы облыс аумағындағы түрлі нысандарды қамтыды. Олардың қатарында әскери мекемелер, жалпы білім беретін және спорт мектептері, аудандық әкімдіктер, сондай-ақ базарлар мен сауда орындары бар. Бұл әртүрлі әлеуметтік топтармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Кездесулер барысында қоғам үшін өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтардың радикалды идеология ықпалына түсу қаупі және оның алдын алу жолдары, еңбек мигранттарының құқықтық сауаттылығы, экстремистік ықпалдан қорғану тәсілдері, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелері түсіндірілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында мектеп мұғалімдері мен оқушылар, спортшылар, әскери қызметкерлер, жұмыссыз азаматтар және өзге де әлеуметтік топтар қамтылды. Әрбір аудиторияға бейімделген түсіндіру жұмыстары олардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға бағытталды.

