Вторник, 30 апреля, 2024

Басқада

Қордайда төтенше жағдай жарияланды

Зақым келген әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру бір күнде шешіле қоймайды.

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында бірнеше күнге жалғасқан қатты жел 3 мектеп пен 1 балабақшаның шатырын ұшырып әкетті. Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі – 99 млн теңге. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мәлім етті.

Бүгін «Ашық» НҚА порталына Қордай ауданының аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы әкімдік шешімі шықты. Мәселені анықтау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайға хабарласқан едік. Оның мәліметінше, төтенше жағдай режимі бірнеше күнге созылған қатты желге байланысты енгізіліп отыр.

«31 наурыз күні кешке қарай жел басталып, бүгінге дейін қатты соғып жатыр. Күнде кешке 10-ға дейін жел болады. Ауа-райы болжамына сай, желдің жылдамдығы секундына 27-28 метр. Кейбір кезде бұл тіпті 30-дан асып жатыр. 3 мектептің, 1 балабақшаның шатыры ұшып кетті. Біршама өрт те шығып жатыр. Жел Совхоз және Атар аумағында болып жатыр. Колхоз елді мекенінің аумағында жел жоқ. Газ құбырлары мен жарық трансформаторлары құлап жатыр», — деп түсіндірді Дамира Сүгірбай.

Оның айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Балалар мектептерге барып оқып жатыр.

«Сабақты тоқтатқан жоқпыз. Себебі мектептің барлық шатырын бірден ұшырып әкеткен жоқ. Мәселен, бір мектепте акт залының шатырын, енді бір мектепте тағы бір бөлігін ұшырып алып кеткен. Біз балалар демалған сенбі, жексенбі күндері мектептер мен балабақшаның шатырын толық шешіп, жерге түсіріп, жинап қойдық», — деп мәлім етті аудан әкімінің орынбасары.

Дамира Сүгірбайдың дерегінше, өткен демалыс күндері Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, білім басқармасының басшысы мен өзге де жауапты органдардың өкілдері желден зақым келген нысандармен танысқан. Соның негізінде ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау шешімі қабылданған.

«Зақым келген әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру бір күнде шешіле қоймайды. Ол демеушінің көмегімен де шешімін таппайды. Алдын ала есеп бойынша келген шығын сомасы 99 млн теңге. Бұл білім нысандарының барлығы облыстық басқарманың теңгерімінде. Сондықтан техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды», — деп түйіндеді Дамира Сүгірбай.

Қордай ауданы әкімінің орынбасары синоптиктер болжамына сәйкес, жел 4 сәуір күні басылуы мүмкінін екенін жеткізді. Кейін нысандарды жөндеу жұмысы басталады.

Жаңалықтар | Новости