«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп, тұрмыстық қалдықтарды заңсыз шығару фактісін анықтады.
Мәселен түнгі уақытта Сайрам ауданындағы Қарабұлақ автожолының бойында тұрмыстық қалдықтарды төккен екі автоцистерна анықталды. Заңсыз тасталған қалдықтардың жалпы көлемі 16 текше метрді ( 16 мың литр) құрады.
Аталған факт бойынша екі жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-1-бабымен «Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу» әкімшілік шаралар қабылданды. Көлік құралдары мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Полиция азаматтарға экологиялық заңнаманы сақтаудың және табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын ескертеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоршаған ортаның ластану фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

