Воскресенье, 12 мая, 2024

Басқада

Алматы облысының спортшылары Ханчжоу қаласынан елге оралды

Бүгін Алматы қаласының әуежайында XIX Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері атанған Алматы облысының спортшылары Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко және Аян Тұрсынды жақындары және жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алды. Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек күні бастау алған Азиада 8 қазанға дейін жалғасады.
Әлем кубогының жеңімпазы және бірнеше дүркін жүлдегері, Әлем чемпионатының жүлдегері Әсем Орынбай және Әлем чемпионатының жүлдегері Эдуард Ещенко стенд атудан аралас жұптық сында алтын медаль жеңіп алды. “Скит” бағдарламасының финалында Қазақстан мергендері Кувейт құрамасынан басым түсті. Сондай-ақ, Әсем Орынбай, Ольга Панарина мен Зоя Кравченкомен бірге әйелдер құрамасы сапында “Скит” бойынша командалық сайыста да үздік шықты және Азия Ойындарының рекордын жаңартты. Жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге де ие болды.
Алматы облысының тағы бір спортшысы Аян Тұрсын ушу саньдадан қола медаль жеңіп алды. Аян Тұрсын – ММА (IMMAF), панкратион және қоян-қолтық ұрысы спорт түрлері бойынша бойынша Әлемнің вице-чемпионы. 52 келі салмақ дәрежесінде Азия ойындарында жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық Юяо Лиге есе жіберді. Нәтижесінде қола медальға қол жеткізді.
Әуежайдағы қарсы алу рәсімін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Басқарма басшысы Ерболат Сарабекұлы бастап спортшыларға алғысын білдіріп, жоғары жетістіктерімен құттықтады. Жеңімпаздардың ата-ана және бауырлары қуаныштан көз жасына ерік беріп, гүл шоқтарын табыстады.
Ханчжоудағы Азия Ойындарының алда бес жарыс күні қалды. Алматы облысының спортшылары алдағы уақытта да спорт алаңына шығады.

Жаңалықтар | Новости