Суббота, 27 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Қонаев қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті

1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында балаларды қорғау күнін атап өту жөнінде шешім қабылданған. Бұл бастама БҰҰ тарапынан қолдау тауып, 1950 жылдан бастап дүниежүзінің көптеген елдерінде Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде мерекеленіп келеді. Осы атаулы күнге орай Қонаев қаласының орталық алаңында «Бала деген бір бақыт» атты мерекелік шара өтті. Балдырғандардың қуанышқа толы жарқын мерекесіне арналған шара қаладағы мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің салтанатты шеруімен басталды.

Шеруді уақыт талабына сай ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, танымдық, зияткерлік қабілеттері дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан балабақша бүлдіршіндері бастап, білім берудің іргетасы саналатын бастауышта барлық жақсы қасиеттер мен алғашқы ғылыми білім дағдыларын бойларына сіңіріп жатқан 1-4 сынып оқушылары жалғастырды. Одан кейін түрлі деңгейдегі додаларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас спортшылар мен облыс, республика, халықаралық білім бәйгелерінде талантымен танылған дарынды оқушылар шерулетіп өтті. Мерекелік шеруді келешекте Отанына адал қызмет ететін тұлға болып қалыптасып, әскери қызметтің қыр-сырын үйреніп, дағдылары шыңдалып жатқан әскери-патриоттық сыныптың шәкірттері аяқтады.

Балалар шығармашылық орталығының бишілері «Достық» биін билеп, хордың орындауында «Ана» әні шырқалған соң, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов сахнаға шығып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

– Бүгінде облыс орталығында 20 мыңнан астам бала бар. Олардың арасында үлкен додаларда өңірдің намысын қорғап, жыл басынан бері 100-ден аса медальға ие болып, жерлестерін қуантып жүрген жас спортшыларды мақтанышпен айта аламыз. Қалада білім алатын 13 290 оқушының 500-ден астамы облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға қол жеткізді. Еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан Қонаев қаласында жыл сайын балалар алаңдарын, футбол алаңдарын абаттандыру, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын заманауи жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді қала әкімі.

Сахнада балалар шығармашылық орталығы мен «Асыл» шығармашылық орталығы тәрбиеленушілері және орта мектептердің өнерпаз оқушылары өз өнерлерін көрермендер назарына ұсынды. Орталық алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мектеп оқушыларының және балабақша тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Мектеп жасындағы балалар Қонаев қалалық кітапханасы ұйымдастырған «Мақал-сөздің мәйегі», «Тез оқуды үйреніңіз» байқауларына белсене қатысып, алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Қалалық орталық саябақта «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мұрындық болуымен «Бар мейіріміміз – балаларға!» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, ән салып, би билеп, мәре-сәре болды.

Мерекелік шара аясында қалалық «Ана сәулесі» көп балалы аналар қоғамдық бірлестігі «Әкем, анам және мен» атты отбасылық эстафеталық сайыс өткізді. Алты кезеңнен тұратын сайыс қорытындысында Жиенбаевтар отбасынан құралған «Барыс» тобы бірінші орынды жеңіп алды. Қарабековтердің отбасы мүшелерінен жасақталған «Сиқырлы таң» тобы екінші орынды еншілесе, Кадіровтар отбасының «Бірлік» тобы жүлделі үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз және жүлделі орынға қол жеткізген командаларға кубок пен алғыс хат және ақшалай сертификаттар табысталды.

Қала әкімі Асхат Бердіханов пен орынбасары Сәуле Нұрсолтанова орталық алаңның әр жерінде өтіп жатқан көрмелер мен түрлі шараларды аралап көріп, өз бағасын берді.

Айжарық Көптілеуов

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke