Алматыда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған тұрғылықты жері бойынша демалыс орталықтары жұмысын жалғастыруда. Мұнда жасөспірімдер спортпен, шығармашылықпен, зияткерлік бағыттармен айналысып, жаңа дағдыларды тегін меңгере алады.
Бүгінде қалада 100 демалыс орталығы жұмыс істейді. Оларға 13 мыңнан астам тәрбиеленуші тұрақты қатысады. Орталықтарда спорт, шахмат, хореография, вокал, бейнелеу өнері, IT және басқа да бағыттар бойынша 300-ден астам тегін үйірме мен секция қарастырылған.
Демалыс орталықтарының басты ерекшелігі — олардың тұрғылықты жерге жақын әрі қолжетімді болуы. Жасөспірімдер бос уақытын пайдалы өткізіп қана қоймай, өз қабілеттерін дамытып, жаңа орта қалыптастырып, түрлі бағытта өзін сынап көруге мүмкіндік алады.
«Мен демалыс орталығына өзіме қызықты бағытпен айналысу үшін келдім. Кейін мұнда жаңа достар таптым. Біз бірге жаттығып, түрлі іс-шаралар мен жарыстарға қатысамыз. Мұнда әртүрлі бағытты байқап, өзіңе шынымен не ұнайтынын түсінуге болады», — дейді Алматыдағы демалыс орталықтарының бірінің тәрбиеленушісі.
Орталықтардың жұмысында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастырумен қатар, тәрбиелік бағытқа да ерекше көңіл бөлінеді. Командалық жұмыс, спорт, шығармашылық және қоғамдық бастамалар арқылы олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, өзара құрмет пен дамуға деген ұмтылыс қалыптасады.
Жыл сайын демалыс орталықтарының базасында 1000-нан астам іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында қалалық және аудандық турнирлер, байқаулар, фестивальдер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер және басқа да бастамалар бар.
Осылайша, демалыс орталықтары Алматыдағы балалар мен жасөспірімдердің қабілетін ашуға, бос уақытын тиімді өткізуге және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін қолжетімді орта қалыптастыруда.


