Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, бүгінде кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүрген Балауса Мұздиманды бұл жолы жерлестері бокс қолғабымен емес, сайлау учаскесінде кездестірді.
23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауында белгілі боксшы Балауса Ғабитқызы Мұздиман Іле ауданына қарасты Күрті ауылындағы №417 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Спортшыны таныған ауыл тұрғындары онымен жылы жүздесіп, тілдесіп, естелік суретке түсті. Әлемдік додада Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген спортшының туған жерінде азаматтық таңдауын жасауы жерлестері үшін де ерекше сәт болды.
– Спортта әр жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Бүгін де мен үшін маңызды күн. Туған жерімде жерлестеріммен кездесіп, олардың жылы ықыласын сезіну ерекше әсер сыйлады. Осындай сәттер туған жеріңмен байланысыңның қаншалықты қымбат екенін тағы бір сезіндіреді, – деді Балауса Мұздиман.
Балаусаның спорттағы жолы 2011 жылы басталды. Бір жылдан кейін-ақ ол Қазақстан чемпионатында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2023 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Ал 2024 жылы Таиландта өткен жекпе-жекте WBA Asia белбеуін жеңіп алды.
Әдетте жанкүйерлер Балауса Мұздиманды шаршы алаңнан көріп, алыстан қолдау білдіреді. Бұл жолы жағдай мүлде бөлек болды. Күрті ауылының тұрғындары чемпионмен №417 сайлау учаскесінде жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелесіп, естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.
Спорттағы жеңістерімен ел мерейін үстем етіп жүрген Балауса Мұздиман бұл күні де азаматтық белсенділігін танытып, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.


