Болат Әбділманов Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді

Танымал театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Болат Әбділманов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, таңдау жасады.
Жарқын образдар мен тарихи тұлғалардың, соның ішінде ұлы Абайдың бейнесін сомдаған өнер қайраткері ел үшін маңызды күні өзінің азаматтық ұстанымын білдірді.
«Сахнада біз әрдайым шындық пен рухани тазалықты іздейміз. Ал Құрылтай сайлауы – әр азамат өз ұстанымын білдіріп, елдің болашағына қатысты таңдау жасай алатын маңызды сәт. Бүгін мен еліміздің тұрақтылығы, мәдениетіміздің дамуы және ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін дауыс бердім», – деді актер.
Болат Әбділманов – кино және театрда ондаған рөлді сомдаған танымал қазақстандық актер. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған. Актердің шығармашылық қоржынында «Абай», «Томирис», «Ревизор» және басқа да фильмдер мен театр қойылымдарындағы ерекше рөлдер бар.
Айта кетейік, бүгін, 23 тамыз, жексенбі күні Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 1 042 987 тұрғынның дауыс беруге құқығы бар. Оның ішінде 14 104 адам кәмелет жасына толып, сайлауға алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Алматы облысының ӨКҚ

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke