«Алтын адам» Құрылтай сайлауында дауыс берді

Еңбекшіқазақ ауданында Құрылтай депутаттарын сайлау күні азаматтардың бірі ерекше образымен көпшілік назарына ілікті. Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесіне жергілікті тұрғын Қазақстанның көне тарихынан сыр шертетін – «Алтын адам» бейнесінде келді.
Ерекше костюм бірден сайлау учаскесіне келгендердің қызығушылығын тудырды. Сайлаушының айтуынша, бұл образ ел тарихына деген құрмет пен мемлекет болашағына деген жауапкершілік сезімін арттырады.
«Алтын адам – ата-бабамыздан қалған бай мұраны еске салатын тарихи жәдігер. Мен үшін сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымымды білдіріп, елдің болашағын айқындауға үлес қосу мүмкіндігі. Біздің ата-бабамыз халық тағдырына әсер ететін маңызды шешімдер қабылдаған. Ал бүгін бұл жауапкершілік бізге жүктеліп отыр. Сондықтан сайлауға дәл осы образда келуді шештім», – деді Алматы облысының тұрғыны.
«Алтын адам» бейнесінің Есік қаласы үшін маңызы ерекше. Дәл осы қаланың маңындағы Есік қорғанынан Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының символына айналған әйгілі археологиялық жәдігер табылған. Сондықтан сайлаушының бұл әрекеті ел тарихы, бүгіні мен болашағының байланысын көрсететін ерекше сәтке айналды.
Бүгін Алматы облысында Құрылтай депутаттарын сайлау 683 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Өңірде 1 042 987 тұрғынның дауыс беруге құқығы бар. Оның ішінде 14 104 адам кәмелет жасына толып, сайлауға алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Алматы облысының ӨКҚ

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke