Ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі – қашанда қастерлі құндылық. Бейбіт күннің берекесі, тұрғындардың алаңсыз тіршілігі қоғамдық тәртіптің сақталуымен тікелей байланысты.
Осы жауапты міндетті атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінің сарбаздары Қонаев қаласындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрақты түрде атсалысып келеді. Әскери қызметшілер қала көшелері мен қоғамдық орындарда қызмет атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетеді.
Әсіресе жаз мезгілінде Қонаевта өтетін мәдени-көпшілік шаралар кезінде олардың қызметі айрықша маңызға ие. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін «Аспан Фест» фестивалі, концерттер, мерекелік кештер мен басқа да көпшілік іс-шаралардың тыныш әрі қауіпсіз өтуіне ұландықтар өз үлесін қосуда.
Сахнада ән шырқалып, жұртшылық мерекені тамашалап жатқанда, қоғамдық тәртіпті қадағалап тұрған сарбаздардың еңбегі көп жағдайда көзге түсе бермейді. Дегенмен адам көп жиналған жерде тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу және қажет болған жағдайда жедел әрекет ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет.
Қызметке шыққан әрбір сарбаз Отан алдында берген антына адал болуға, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тиіс. Қырағылық, төзімділік пен тәртіп – олардың күнделікті қызметінің басты талабы.
Қала тұрғындары мен қонақтарының мерекелік шараларды алаңсыз тамашалап, үйлеріне аман оралуы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен әскери қызметшілер еңбегінің нақты нәтижесі.
Халықтың тыныштығын сақтау – сарбаз үшін қасиетті борыш әрі зор жауапкершілік. Бұл міндетті абыроймен атқарып жүрген 3660 әскери бөлімінің жауынгерлері Қонаев қаласындағы қоғамдық тәртіптің сақталуына қызмет етіп келеді.
Әлия Әбдіғалиева,
аға лейтенант

